Ақтауда 20 мың тонна көкөніс сақтауға арналған орталық салынып жатыр

20 Маусым 2023, 21:01
1220
Бөлісу:
Ақтауда 20 мың тонна көкөніс сақтауға арналған орталық салынып жатыр
Фото: автордан

Ақтау қаласындағы 36 шағын ауданда көтерме-сауда тарату орталығының құрылысы 70 пайызға аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Маңғыстау облысындағы тілшісі.

Нысанның қаңқасы мен қабаттары тұрғызылды. Жобаның жалпы құны – 1,5 миллиард теңгеден асады.

Құрылысқа 60 жұмысшы мен 9 арнайы техника жұмылдырылған. «Көкөніс сақтау мүмкіндігі 20 мың тоннаны құрайды. Климатикалық сақтау 54 мың тоннаға жетеді. Сондай-ақ, 24 мың құрғақ өнімді сақтау мүмкіндіктері бар. Жалпы өлкемізге азық-түліктің 80%-ға жуығы импортталады. Бұл жобаның маңызы өте зор. Жаңа сауда орталық іске қосылғаннан кейін облыстың азық-түлік өнімдерін сақтау, соның ішінде көкөніс өнімдерін сақтау мүмкіндігі 36 мың тоннаға дейін артады. Бұл осы өңірге қажетті көкөніс өнімдерін 3 айға қажеттілігін 30 пайызын бір мезетте сақтауға мүмкіндік береді, – дейді Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Пікір Сансызбаев .

Орталық пайдалануға берілгеннен кейін павильондарда фермерлер өз өнімдерін делдалсыз сата алады. Бұл орайда, халық азық-түлік тауарларын неғұрлым төмен бағамен алу мүмкіндігіне ие болады. Мұнда көкөністер мен жемістерді сақтауға арналған қоймалар, тоңазытқыштар мен мұздатқыштар іске қосылады.

Орындалған жұмыстардың жалпы көлемі 70 пайызға жетті. Жобаның ауданы шамамен 40 мың шаршы метр. Біз қасбетті безендіру және жақын маңдағы аумақты абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін мұнда көлемі 12 мың шаршы метр болатын қойма және көлемі сегіз мың шаршы метрден асатын көп камералы тоңазытқыштар болады. Негізгі жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2025 жылдары біту керек. Бірақ, қазіргі қарқынға байланысты осы алдымыздағы жылдың бірінші жарты жылдығында аяқтау жоспарымызда бар, – деді «Ақтау ОРЦ» ЖШС директоры Бекзат Жеткізгенов.

Нысан 2024 жылдың басында пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 200 жаңа жұмыс орны құрылады. Ал мамандар көтерме-тарату орталығы тікелей бағаның қалыптасуына әсер ететінін айтады.

Өзгелердің жаңалығы