"Батыс" өңірлік қолбасшылығының теңіз жаяу әскерлері бригадасы әскери қызметшілерінің жеке дайындық сабақтары 25744 әскери бөлімінде және "Оймаша" оқу полигонында ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қысқы оқу кезеңі аясында 1400-ге жуық маман даярланады. Ол үшін 79 оқу тобы құрылып, оған 160-тан астам үздік нұсқаушы тартылды.
Олардың басшылығымен әскери қызметшілер тактикалық, инженерлік, атыс, саптық, арнайы, медициналық, сондай-ақ радиациялық, биологиялық және химиялық қатерлерден қорғауды қоса алғанда, дайындықтың әртүрлі бағыттары бойынша нормативтерді пысықтайды.
Теориялық бөлімнен кейін қару қолдану мен әскери техниканы пайдаланудың практикалық дағдыларын пысықтауға кірісеміз, – деп нақтылады бригада командирінің жауынгерлік және дене шынықтыру дайындығы жөніндегі орынбасары гвардия майоры Берік Алманиязов.
Арнайы жабдықталған сыныптарда әскери қызметшілер функционалдық міндеттерді меңгеріп, штаттық қару-жарақ пен әскери техниканың материалдық бөлігін, сондай-ақ оларды пайдалану тәртібін зерделейді. Оқытудың маңызды аспектісі қаруды жауынгерлік дайындыққа келтіру және штаттық қару мен жауынгерлік машиналардың қару-жарағын ату дағдыларын жетілдіру болмақ.
Дайындықтың келесі кезеңі – оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау бойынша бірлескен іс-қимылдарды пысықтау кезінде бөлімшелерді жауынгерлік үйлестіру. Бұл тәсіл жеке құрамның бейбіт уақытта да, мүмкін әскери қақтығыс жағдайында да тапсырмаларды тиімді орындауға дайындығына ықпал етеді.