Ақтау портының әлеуеті. Контейнерлік хаб құру елге не береді?

Ақтау портының әлеуеті. Контейнерлік хаб құру елге не береді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Ақтау теңіз сауда порты» ҰҚ» АҚ көліктік логистика бөлімінің бас менеджері Қайрат Қалиолла Ақтау портында контейнерлік хаб құрудың алғышарттары мен әлеуеті туралы айтып берді. 

2022 жылғы 13 қаңтарда Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр «Ақтау және Құрық порттары базасында «контейнерлік хаб» құру және «жүк тасымалын Ақтау және Құрық порттарына қайта бағдарлау» жөніндегі жұмыс жоспарын бекітті.

Порттың әлеуеті

Ақтау порты - кешені Батыс Қазақстандағы ең ірі негізгі логистикалық буын және қазіргі заманғы көп функционалды порт. Болжамдық мәліметтерге сәйкес, Ақтау портында контейнерлік торап құру жүк тасымалының жылына 30%-ға дейін қосымша ұлғаюына және транзиттік тасымалдар көлемінің ұлғаюына алғышарттар жасайды. Бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытуға және мемлекеттік бюджетке қомақты кірістерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда, Каспийде фидерлік контейнерлік сервисті іске қосу қазіргі заманғы тұтынушыға бағытталған сервистерді құрумен бірге көлік бағыттарын және аймақты дамыту үшін максималды мультипликативті әсер алуға мүмкіндік береді, - деді Қайрат Қалиолла. 

Бас менеджер атағандай, бұл Ақтау порты негізінде Каспий өңірі мен Орталық Азия елдері үшін логистикалық контейнерлік хаб құрудың алғышартына айналады. 

Контейнерлік хаб құру

Қазіргі уақытта жоғарыда аталған Жоспарды жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты экспортқа шығатын компаниялар Новороссийск портынан «Ақтау теңіз портына» ауысты. Сол себепті наурыздан бастап контейнерлік жүктің экспорты көбейді. Транскаспий халықаралық бағыты бойынша экспорт артты. Атап айтқанда, мырыш, меть, свинец, алюмений сынды тауарлар «Ақтау порты» арқылы тасымалдана бастады. Наурызбен салыстырғанда сәуірде тауар тасымалдау 2 есе өсті,- деді ол.

Қайрат Қалиолланың айтуынша, наурызда контейнер саны 1769 болса, сәуірде олардың саны 3099-ға жетті.

Президенттің тапсырмасы бойынша «Ақтау теңіз портында» контейнерлік хаб құрылса, экспортшыларға ыңғайлы болады. Контейнерлік хабта жүктерді контейнерлермен ғана қабылдамай, вагондармен қабылдау арқылы бос контейнерлерге жүктерді бөлуге болады. «Ақтау теңіз портында» контейнерлік хаб құрылса, әлемдік ірі контейнер компаниялары жүгінетін еді. Контейнерлер бос тұрады, оған жүк салып, оны одан әрі тасымалдауға жібере аламыз,- деді ол.

Ақтау теңіз порты Каспий теңізінің шығыс жағалауында бірнеше халықаралық көлік дәлізінің қиылысында орналасқан және Иран, Түркия, Ресей және Әзірбайжан бағытында шығыстан батысқа, солтүстіктен оңтүстікке және кері қарай жылына 12 ай және тәулігіне 24 сағат  жүк тасымалын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Түрікменстанмен де біршама жүк айналымы бар.

Паром кешені

Ақтау және Баку (Әзірбайжан) порттары арасында тұрақты паром қатынасы орнатылған. Теміржол паромдары мен Ро-Ро кемелері мұнай өнімдерін, халық тұтынатын тауарларды, астық және минералды тыңайтқыштарды 18-20 сағат ішінде 253 теңіз милін еңсеріп тасымалдайды. Паромдарға 54 теміржол вагонын және 35 ауыр жүк автомобильдерін сыйғызуға болады.

Ақтау портының әлеуеті. Контейнерлік хаб құру елге не береді?

Астық терминалы

«Ақ Бидай-Терминалы» акционерлік қоғамының астық терминалы Қазақстан Республикасының Ақтау теңіз портындағы Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан.

Терминал Қазақстан Президентінің 2002 жылғы 5 маусымдағы № 889 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының аграрлық азық-түлік бағдарламысын» іске асыру шеңберінде құрылды, бұл бағдарлама қазақстандық астықты бірінше кезекте Кавказ өңірі мен Таяу Шығыс елдеріне экспорттауды тұрақтандыру және кеңейтуге бағытталған.

Терминалдың жалғыз акционері - «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ.

Ақтау портының әлеуеті. Контейнерлік хаб құру елге не береді?

Терминалдажалпы көлемі 22,5 мың тонна астықты уақытша сақтайтын 11 жер асты қамбасы бар. Терминалдың ауыстырып тиеу бойынша көліктік коммуникацияларының өндірістік қуаты сағатына 350 тонна астық, яғни темір жол вагондарынан тәулігіне 3 мың тоннаға дейін астық қабылдауды, сондай-ақ теңіз кемесіне тәулігіне 4 мың тоннаға дейін астық тиеуді қамтамасыз етеді.Терминал тәулік бойы жұмыс істейді, белсенді желдеткіш жүйесімен, жоғары дәлдікті электрондық таразымен және жоғары сапалы қызметті қамтамасыз ететін барлық технологиялық циклды автоматтандырылған басқару жүйесімен жабдықталған.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөнінде кеңес өткізді. 

Президент теңіз арқылы тасымалдау ісін дамытуға ерекше назар аударды.

Қазақстан теңіз арқылы тасымалдау әлеуетін толық пайдаланған емес. Қазір заман басқа. Үкіметке порттарымызды Каспий теңізінің жетекші хабтарының біріне айналдыра отырып, трансформациялау жөнінде стратегиялық міндет жүктедім. Теңіз флотын нығайтып, Ақтау портында контейнерлік хаб құру қажет деген ұсыныспен толық келісемін, – деген еді Мемлекет басшысы.

 

 

Бөлісу: