Ақтау–Жетібай автожолында газ тасымалдаушы жүк көлігі жол-көлік оқиғасына ұшырады, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, апат 16 қаңтар күні сағат 21:00 шамасында болған. Қолайсыз ауа райы жағдайында тіркемесі бар DAF маркалы жүк көлігінің жүргізушісі көлікті басқара алмай, қоршауға соғылып, нәтижесінде көлік бүйіріне аударылған.
Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Цистернаның бос болғаны анықталып, газдың ағуы немесе өрт қаупі туындамаған.
Жол-көлік оқиғасынан кейін жүк көлігі арнайы техника көмегімен көтеріліп, жолдан шығарылды.
1994 жылы туған жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Оған 20 айлық есептік көрсеткіш (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салынды.