Ақсу ферроқорытпа зауыты атмосфералық ауа көрсеткішін бақылайтын автоматтандырылған мониторинг жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Бұл жабдық тәулік бойы ауа көрсеткішін үздіксіз бақылайды. Ақсу ферроқорытпа зауытының санитарлық-қорғау шекарасында орнатылған станция Павлодар облыстық экология департаменті мен кәсіпорын арасында жасалған меморандум шеңберінде іске қосылды. Құны – 222,3 млн теңге.
Зауыттың қоршаған ортаны қорғау жөніндегі менеджер Инна Давыдованың айтуынша, газанализаторлардың көрсеткіштері кәсіпорын мамандарына ғана емес, мемлекеттік орган өкілдеріне де қолжетімді болады.
Кәсіпорын аймақтың экологиясына бейжай қарамайды. Ауаның жағдайын үздіксіз бақылау мамандарға зауыттың қоршаған ортаға әсерін бақылауға оң септігін тигізіп, шұғыл әрекет етуге мүмкіндік береді. Құрылғыны іске қосып, деректерді ортақ жүйеге біріктіргеннен кейін өнеркәсіптік эмиссиялардың алты түрі бойынша мониторинг жүргізіледі. Ал көркеткіштер мүдделі тараптар үшін онлайн режимде қолжетімді болады, - дейді Инна Давыдова.
Мониторинг жүйесі автоматтандырылған. Газды сараптама жасайтын бес құрал ауадағы азот оксиді және көміртегі, азот диоксиді мен күкірт, сонымен қатар, шаңның ұсақ бөлшектерін анықтайды. Болашақта кәсіпорындағы ферроқорытпа пештері мен қазандық агрегаттарының түтін құбырлары да мониторинг жүйесімен жабдықталады.