Ақшолақов жол құрылысына керек битум жетіспеушілігінің қалай алдын алатынын түсіндірді

3 Тамыз 2022, 13:05
1711
Бөлісу:
Ақшолақов жол құрылысына керек битум жетіспеушілігінің қалай алдын алатынын түсіндірді

Елімізде жылына 1,2-1,3 млн тонна битум өндірілетін болады. Бұны Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша Ресей Федерациясынан гудрон импортына квота 280-нен 430 мың тоннаға дейін, сондай-ақ Ақтаудағы битум зауытында битум өндірісі ұлғайтылды. Бұл отандық битум өндірушілерге өндірісті 300 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді, - деді ол орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Министр ел Президенті жол битумының тапшылығын болдырмауды тапсырғанын атап өтті. Болат Ақшолақовтың мәлімдеуінше, оның нәтижесінде жыл сайынғы жиынтық қуаты жылына 1,2-1,3 млн тонна болады. Бұл жол құрылысы үшін ішкі нарықтың қажеттілігін жабуға мүмкіндік береді.

Тапшылық жол-құрылыс компанияларының битумды біркелкі іріктемеуіне байланысты туындайтынын атап өткім келеді. Атап айтқанда, қысқы-көктемгі кезеңде битум өндіруге өтінімдер іс жүзінде келіп түспейді. Осыған байланысты министрлік Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, қысқы және көктемгі кезеңде битум сатып алу үшін бірыңғай өнім берушіні айқындау мәселесін пысықтап жатыр, - деді Энергетика министрі.

Өзгелердің жаңалығы