"Ақшаны қайтаратын уақыт келді" немесе "оңды-солды шашуды доғару керек"

"Ақшаны қайтаратын уақыт келді" немесе "оңды-солды шашуды доғару керек"

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда елдегі қаржы саласындағы бірқатар мәселені көтеріп, өз ұсыныстарын айтты. Президент банктер туралы заң керегін айтып, салық саясатына қатысты тапсырма берген болатын. Осы орайда BAQ.KZ тілшісі сарапшыларды сөзге тартып, экономиканы дамыту үшін қандай шаралар қабылдау қажеттігін сұрап көрді.

Ақша саласы: Тоқаев Жолдауда қандай тапсырма берді?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі Жолдауында ақша-несие саясаты мен фискалды саясат арасындағы үйлесімсіздікті жою қажеттігіне назар аударды.

"Ақшаны қайтаратын уақыт келді" немесе "оңды-солды шашуды доғару керек"
Фото: Ақорда

Қазір нақты секторға несие әлі де ойдағыдай берілмей жатқанын ашық айтуымыз керек. Шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Бұл жағдай еліміздегі іскерлік ортаның белсенділігіне, экономиканың тұрақтылығына және дәйекті дамуына кедергі келтіріп отыр. Үкімет пен Ұлттық Банк бірлесіп, осыған қатысты оңтайлы шешімдер ойластыруы керек. Банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажет. Халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосады. Сондықтан осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленуге тиіс. Банктердің акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек. Банктерге мемлекет көрсеткен көмек тұрғысынан қарасақ, бұл – өте орынды ұстаным, - деп айтқан еді Президент.

Цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз ету және банк саласына инновацияларды қауіпсіздік талабына сәйкес енгізу үшін оны реттейтін тетіктердің тұрақты болуы маңызды.

"Ақшаны қайтаратын уақыт келді" немесе "оңды-солды шашуды доғару керек"
Фото: Ақорда

Тоқаевтың сөзінше, бізге Банктер туралы жаңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек.

Қазір қолданып жүрген заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған. Ол кезде заман да мүлде басқа болды. Ашығын айтуымыз керек, бізде республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатыр. Бұл – бұрынғы және қазіргі Үкімет жұмысындағы үлкен олқылық. Мұндай жағдай жиі қайталанса, түптеп келгенде, еліміздің дамуын тежейді. Сондықтан оған жол бермеу қажет. Бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, оның шығыс бөлігін шектеп, қатаң бақылауда ұстаған жөн. Үкімет Ұлттық Банкпен бірлесіп, осы мәселеге қатысты нақты шаралар қабылдауға тиіс, - деп айтты Мемлекет басшысы.

«Оңды-солды шашуды доғару керек»

Мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден бір жолы – көрпеге қарай көсілу. Сондықтан бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғару керек, - деп санайды Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауды бюджетаралық қарым-қатынасты да ретке келтіру қажеттігін айтты. Сөзінше, шағын және орта бизнестен түсетін салықты аймақтардың өзінде қалдыру дұрыс әрі уақтылы қабылданған шешім болды. Бұл қадам кәсіпкерліктің дамуына едәуір серпін берді. Сонымен қатар әкімдердің дербестігін арттырды. Алайда кейбір әкімдер қосымша кіріс көзіне ие болған соң, оны елге пайдасыз іске шашып, тиімсіз жұмсайтын болды. Аса маңызды емес міндеттер мен жобаларға қаржы бөле бастады.

Президент Үкімет бюджет тапшылығының орнын толтыратын қаржы көзін табу үшін тиімді компенсациялық тәсілдер ойластыруы қажеттігін атап өтті.

«Қиын болса да, дұрыс шешім қабылдау қажет»

Енді Ұлттық қордың рөліне жеке тоқталайын. Қордың қаражатын, ең алдымен, мемлекет мүддесі үшін, яғни еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажет. Ұлттық қор шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек. Ұлттық қор – ұзақ мерзімге арналған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал. Сондықтан оны тиімді басқару қажет. Экономиканы қарқынды дамыту үшін тек мемлекет қаржысына сүйену жеткіліксіз екені анық. Жеке инвестициялар тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасаған жөн. Ол үшін, ең алдымен, салық саясаты тұрақты болуға тиіс. Сонда бизнес те сапалы дамуға ынталы болады және жауапкершілікпен жұмыс істейді. Жаңа салық кодексі қазіргі жүйені қайта жаңғыртуға арналған. Бұл құжат салықтық әкімшілендіру ісінің салық төлеушілерге деген сенімге негізделген мүлде жаңа жүйесін қалыптастыруға тиіс. Кодекстің ережелерін әркім әрқалай қабылдамауы үшін оны жеңілдетіп, экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтың бәріне бірдей түсінікті ету өте маңызды. Салық режимдерін кәсіпкерлерге жасалған қолайлы жағдайдың нашарлап кетпеуін ескере отырып, оңтайландырған жөн. Бөлшек салықтың енгізілуін мысал ретінде айтуға болады. Осы нормаға сенім артқан кәсіпкерлер қызметін ашық жүргізе бастады, кәсіптерін бөлшектеуді азайтты. Алайда бұл режим негізінен халықпен тікелей жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қатысты болуға тиіс, - деп тапсырды Президент Жолдауда.

Тұтынушыларға арналған қызметтер мен сауда-саттықтың мүмкіндіктері толық пайдаланылса, экономиканы дамыту, салық түсімдерін арттыру және халықты жұмыспен қамту шаралары тезірек нәтиже береді.

Фискалды реформа табысты болсын десек, салықтық әкімшілендіру ісін жаппай цифрландыру керек. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты сын-қатерлерді барынша азайтып, салық саласындағы үдерістердің ашық болуын қамтамасыз ету үшін оны тезірек электронды форматқа көшірген абзал.

Бүкіл салық саясатын жиі өзгеріп жатқан фискалды ахуалға бейімдеу керек, соның ішінде салық мөлшерлемесін де қайта қараған жөн.

Жеке табыс салығының мөлшерлемесін азаматтардың кірісіне қарай дифференциациялау қажеттігі туындап отыр.

Салықтық әкімшілендіру ісінде жазалау тәсілінен де бас тартқан абзал. Мәжбүрлеу шараларын қолданбай-ақ, хабарлама жіберу арқылы өндірілетін салық берешегінің жоғарғы шегін көтеруге болады деп ойлаймын. Ал салық берешегі осы шектен асып кетсе, қарыз сомасы аясында ғана шектеу қойылуға тиіс. Яғни, борышкердің банктегі есепшоты толық бұғатталмайды. Берешек сомасы тым көп болған жағдайда, кепілге мүлік қоюды талап етпей, қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік берген жөн, - деді Тоқаев.

Жоспарға сай тексеру тәсілінен біржола бас тартуға тырысу керек. Ол үшін қатерлердің алдын алу жүйесін жетілдіру қажет.

Салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру өзекті мәселеге айналды. Кәсіпкерлер өздері пайдаланатын салық жеңілдіктері бойынша есеп беруге тиіс. Бизнесті дамытуға нақты септігі тиетін жеңілдіктерді ғана қалдырған абзал. Мысалы, өндірісті өркендетеміз деген инвесторларға артықшылық беруге болады. Яғни, құрылыс салуға, активтерді сатып алуға, жаңғыртуға және қайта құруға бір реттік салық жеңілдігін берген жөн. Терең өңделген өнімді экспортқа шығаратын кәсіпкерлерге жеңілдіктер беру маңызды. Олар өзге бизнеске қарағанда көбірек қолдауға ие болуы керек.

Тоқаев Үкімет пен Парламентке жаңа Салық кодексінің жобасына қатысты жан-жақты талқылау жүргізуді тапсырды.

"Ақшаны қайтаратын уақыт келді" немесе "оңды-солды шашуды доғару керек"
Фото: Ақорда

Қиын болса да, дұрыс шешім қабылдау қажет. Бұл жерде асығыстыққа жол беруге болмайды. Жаңа Салық кодексін сапалы әзірлеу үшін оны қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстыруға болады деп санаймын. Көлеңкелі экономика үлесінің жоғары деңгейде қалуы қаржы саласындағы ахуалды ушықтырып тұр. Оны айтарлықтай төмендету үшін мұқият ойластырылған жан-жақты шаралар қабылдаған жөн. Атап айтқанда, шекарадағы кеден бекеттеріне қатысты барлық жұмысты тез арада аяқтау қажет. Сондай-ақ сыртқы сауда операцияларынан түсетін кірістің басқа елдерге заңсыз өтіп кетуіне жол бермеу керек, - деген Президент Тоқаев Жолдауда бірқатар тапсырма берген болатын.

«Мемлекет құйған қаражатты экономикаға қайтаратын уақыт келді»

Экономист Бауыржан Ысқақтан Мемлекет басшысының Жолдауда көтерген мәселелері мен ұсыныстары жайлы ойын сұрап көрдік.

"Ақшаны қайтаратын уақыт келді" немесе "оңды-солды шашуды доғару керек"
Бауыржан Ысқақ/facebook.com

Президент Жолдауда дәл қазіргі экономикадағы үлкен мәселелерді нақты көрсетіп айтты. Әрине – ол ақша-несие саясаты, яғни Ұлттық Банктің жүргізіп отырған саясаты мен фискалды саясаты. Салық органдары Үкімет пен Ұлттық Банк арасындағы үйлесімділік жоқ екенін көрсетіп отыр. Өйткені қазір бюджеттің кіріс бөлігінің орындалмай жатқаны белгілі. Яғни салық салу, салық салынатын базаның аздығы, жиналатын салықтың аздығы, сондай-ақ салықтардың бюджеттің 65%-ын ғана құрайтыны бюджеттің толық орындалуына керісі әсерін тигізіп отыр, - деп айтты сарапшы.

Сөзінше, бұл мәселе сонымен қатар экономикалық жағдайға кері әсірін тигізіп отыр.

Ұлттық Банк тек қайта қаржыландыру мөлшерлемесін көбейту-төмендетумен ғана, яғни Үкіметке нақты іс-шаралар жиынтығын ұсыну, оларды бірігіп шешу, инфляцияның қауқарын төмендету, банктер беретін несиелерді төмендету сияқты қордаланған мәселелермен тиісті деңгейде айналыспағанын көрсетеді. Егер фискалды органдар мен Ұлттық Банк арасында қатаң түрде теңгенің тұрақтылығын қалыптастыру бойынша жұмыстар жасалынғанда, мұндай мәселе туындамас еді. Сондықтан ең бастысы Үкімет пен Ұлттық Банк арасында қоян-қолтық жұмыс болуы керек. Инфляцияны түсіру тек Үкіметтің ғана емес, онымен байланысты тиімді несие саясатын жүргізетін Ұлттық Банкке де қатысты. Өйткені мемлекеттің екінші деңгейлі банктерге көп қаражат бөліп жатқаны белгілі. Одан басқа да қаржылай көмектің, салықтық жеңілдіктердің берілгеніне қарамастан, экономиканы дамытуда банктердің қосып жатқан үлесі аз, - дейді Бауыржан Ысқақ.

Қаржы сарапшысы үйлесімсіздікті жою үшін Үкімет пен Ұлттық Банк бірлесе тығыз жұмыс істеуі керегін атап өтті.

"Ақшаны қайтаратын уақыт келді" немесе "оңды-солды шашуды доғару керек"

Шағын және орта бизнестің дәл қазіргі ЖІӨ-дегі үлесі 7% ғана. Оны 2026 жылға дейін 15%-ға дейін көтеруге тапсырма берді. Бұл өте орынды. Өйткені шағын және орта бизнес бірінші кезекте салық салынатын базаның артуына, екіншіден азаматтарды жұмыспен қамтуға, үшіншіден өзіміздің отандық тауар өндірушілердің санын көбейтуге әсерін тигізеді. Осы себептен де банктер тарапынан жеңілдетілген несие және нақты кәсіппен айналысатын салаларға жеңілдетілген несие беру туралы мәселелер де көтерілді. Бізде салық саясатында 400-ден астам салықтық жеңілдік болса, олардың қаржысы 7 трлн теңгені құрайды. Жалпы бюджеттің кірісінің үштен бір бөлігі салықтық жеңілдіктерді көрсету есебінен бюджетке түспей жатады. Осы мәселені шешу үшін барлық орган бірлесе жұмыс істеуі керек, - деп санайды ол.

Экономист өз сөзінде «Банктер туралы» заң қабылдау қажеттігіне де тоқталды. Сарапшы атап өткендей, қолданыстағы заң уақыт талаптарына сай келе бермейді. Егер жаңа заң қабылданса, ол кәсіп ашқысы келетін азаматтарға тиімді болады. Екіншіден, оның ауқымы да кеңеюі мүмкін.

Экономиканы дамытатын қандай несиелер бар, соның барлығы «Банктер туралы» заңға енгізілуі керек. Ол кәсіпкерлерге арналған банк туралы заң болуы қажет. Әйтпесе қазіргі банктердің экономиканы қаржыландырудағы, несиелендірудегі үлесі өте төмен. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2023 жылы банктер экономиканы 32 трлн теңгеге несиелендірсе, ал тұтынушылық несиенің көлемі 18 трлн теңгеге жеткен. Яғни банктер тұтынушылық несиеге бағытталып кеткен. Яғни ақша сонда кетіп жатыр. Ал ол экономикаға тиімсіз. Сол үшін тұтынушылық несиеден гөрі экономиканы, бизнесті несиелендіретін қаржы көздерін қарастыру заңда нақты көрсетілуі керек. Ол үшін бизнестің де, халықтың да ұсыныстары ескеріліп, заңда қарастырылғаны дұрыс, - деп түсіндірді сарапшы.

Ысқақ көлеңкелі экономика елімізде әлі де өзекті, күрделі мәселелердің бірі екенін айтты. Сарапшының пікірінше, егер кәсіпорындарға жақсы жағдай жасалып, бизнес ашуға ыңғайлы климат жасалса, онда біз көлеңкелі экономикадан құтылудың жолын табамыз.

Банктердің экономикаға көбірек қаржы салуы үшін заң болуы керек. Заңда ұлттық мүдде бірінде орында тұруы қажет. Сондай-ақ бәсекелес орта болуы керек. Оған қоса халықаралық банктердің де үлесі артуы керек. Сонда ғана бәсеке болады, ал ол өз алдына сапаны әкеледі. Банктерге мемлекет тарапынан осы уақытқа дейін үлкен қаражат құйылды. Соңғы 5 жылда олардың табысы үш есеге дейін артты. 2010-2020 жылдары банктерді дамытуға, қаржыландыруға 4-5 трлн теңгеден астам қаражат жұмсалған. Яғни банктердің оны елге, экономикаға қайтаратын уақыты келді. Сол үшін бірінші кезекте талап, екіншіден заң, үшіншіден олар болашақта бәсеге қабілетті банк болып қалуы үшін бәсекенің алдына шығуы керек. Ал ол экономиканы қаржыландырумен тікелей байланысты, - деп ойын айтты экономист Бауыржан Ысқақ.

«Банктер кәсіпкерлікке емес, тұтынушылық несиеге бас ұрып кетті»

«Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы сарапшысы Дулат Мыңбаев та банктер кәсіп ашуға емес, тұтынушылық кредит берумен айналысып кеткенін айтты.

"Ақшаны қайтаратын уақыт келді" немесе "оңды-солды шашуды доғару керек"
Фото: instagram.com/dulatmynb

Банк жүйесінде жаңа заң қабылдау – заманның талабы. Өйткені банктеріміз бүгінге дейін осыдан 30 жыл бұрын қабылданған банк туралы заңның шеңберінде жұмыс істеп келеді. Ал енді әлемдік жүйеде банк саласы қарқынды дамып келе жатқан қаржы-қаражат жұмысындағы құрылым. Бізде де соған лайықты өзгерістер болуы керек. Ол жалғыз банктердің ғана пайдасына емес, тұрғындардың да пайдасына қызмет жасайтын құрылым болуы қажет. Яғни бір жақты ғана пайда табатын жүйе болмауы керек, - деді сарапшы.

Мыңбаевтың сөзінше, банк жүйесіне өзгеріс қажет-ақ.

Қазір Қазақстанда 20 шақты банк жұмыс істеп тұр. Соңғы кезде банктер кәсіпкерлікке емес, тұтынушылық несиеге бас ұрып кетті. Ал негізі қаражат айналымы болып, экономика өркендеуі үшін бизнес саласын көбірек қаржыландыру керек. Егер бизнес саласын қаржыландырсақ, ол ақша көбейеді. Себебі ол ақшаны ақша табу үшін алып отыр. Тұтынушылық үшін алынған ақшаны жұтып қояды да, кейін төлейтін ақша іздеп отырады. Ал енді бизнес қарқын алса, ол жаңа өндіріс орындары, өз өнімімізді өзіміз пайдаланамыз деген сөз. Мысалы, айлықты, азық-түлікті теңгемен аламыз. Ал алып отырған азық-түлігіміз шетелдікі. Демек оның шетелден келуі үшін біз теңгемізге сол елдің валютасын сатып аламыз. Бұл біз шетелдегі кәсіпкерлерді қаржыландырып отырмыз деген сөз. Демек менің жалақым шетелге кетіп отыр, - деп түсіндірді қаржы сарапшысы.

Дулат Мыңбаев тұтынушылық қоғамда баға үнемі өсіп отыратынын айтты. Сөзінше, ал егер өнімді өзіміз өндіретін болсақ және оны басқа елдер сатып алып, тұтынатын болса, онда керісінше шетелдің ақшасы бізге түсіп отырады. Сол кезде теңгенің курсы мығымдау болатын еді.

Теңге ең алғаш рет енген уақытта 1 доллардың курсы 4 теңге 75 тиын болатын. Қазір 475 теңге, 100 есеге өскен. Неге? Өйткені біз өндіріп жатқан жоқпыз. Өндіріс жоқ. Шағын өндірістердің өзін көбейтіп тастасақ, сол кезде теңгенің құны болар еді, - деп айтты сарапшы.

Бөлісу:

Фото: Арман Мухатов