Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ақшаны қалай үнемдеуге болады: Депутат маңызды кеңес берді

Бөлісу:
 Мәжілістің баспасөз қызметі
VIDEO
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев жыл соңында қазақстандықтарға қаржы тәртібін күшейту қажеттігін ескертті. Оның айтуынша, ең алдымен, тұрғындар өз ақшасын санап, әр тиынына есеп беру дағдысын қалыптастыруы қажет. Депутат BAQ.KZ тілшісінің сұрағына жауап беріп, қазақстандықтарға қаржыны қалай үнемдеу керегін түсіндірді.

Көп жағдайда біз өз ақшамызды емес, біреудің ақшасын санаймыз ғой. Ал егер әрбір шығынды жазып жүрсек, адамда "табысымды қалай көбейтемін, не істеймін?" деген ой пайда болады – дейді депутат.

Жарнамаға алданып қалмау керек

Мұқаев жаңа жыл қарсаңында түрлі жарнамалар мен жеңілдіктер көбейетінін, көп адамның соған еріп кететінін айтады.

Әрине, жаңа жылда әртүрлі адамдарды еліктіретін науқандар ұйымдастырылады. Сол жарнамаларға қызығатын азаматтарымыз өте көп. Сондықтан жарнаманың жетегінде кете бермеу керек. Барлығын есептеу қажет, – дейді ол.

Желтоқсанда шамадан тыс шығын көбейеді

Депутат көп адамның жыл соңына бар нәрсені тіреп қою әдетін сынға алды.

Біздегі психология сондай: жаңа жылмен бірге күн бітетін сияқты көрінеді. Кейбір азаматтар "жаңа жылға дейін бүйтуім керек, сөйтуім керек" деп жатады. Бірақ жаңа жылдан кейін де күн бар ғой. Желтоқсанда өте көп ақша жұмсалып қояды да, қаңтар айында толығымен тынышталып қалады, – деді Мұқаев.

Оның айтуынша, мұндай жағдайға түспеу үшін барлығы алдын ала есептелуі тиіс.

Депутат мемлекеттік төлемдер кейде кешігіп жататынын еске салды.

Мемлекеттік бюджетте кей жағдайда ақша бөліну мәселесі, тіпті жалақының кешігуі болып жатады. Мұны да ескеруіміз керек. Барлығы саналу керек, – деді ол.

Мұқаев алдағы жылы баға өсімі жалғасатынын ашық айтты.

Инфляция деген ұғым бар, яғни қымбатшылық. Бағаның барлығын нарықтағы сұраныс пен ұсыныс белгілейді. Сондықтан алдағы жыл бәрі керемет, бәрі жақсы болады деп ойламаймын. Қымбатшылық болатыны анық, – деп ескертті депутат.

Әр отбасы өз бюджетіне нақты есеп жүргізуі тиіс

Оның айтуынша, әр адам күнделікті қажеттіліктерге нақты қанша қаражат кететінін біліп отыруы керек.

Ол мысал ретінде:

  • азық-түлік,
  • май өнімдері,
  • ет өнімдері,
  • нан,
  • коммуналдық қызметтер,
  • мерекелік шығындар сияқты міндетті төлемдерді атап өтті.

Корпоративке бару міндет емес

Жаңа жылда корпоратив деген нәрсе бар. Әрине, ешкім сізді қинамайды, бірақ бару-бармау – өз еркіңіз. Дегенмен бәрі ақшамен байланысты болғандықтан, есептелуі керек, – деді депутат.

Мұқаев бөліп төлеу жүйесін қолдамайтынын, көптеген азаматтар дәл осы себепті қарызға батып жатқанын айтты.

Бөліп төлеуді мен қатты құптамаймын. Барынша жоламауға тырысу керек. Көп адамдарға айтамын: бөліп төлеу – өліп төлеу. Егер шамаңыз жетсе, алыңыз. Ал шама жетпесе, алмай да өмір сүруге болады, – деді депутат.

Өзгелердің жаңалығы