Ақшаны көп бөлеміз, бірақ шаңғы базасын аша алмай отырмыз – шаңғышы

28 Ақпан 2024, 16:03
1359
Бөлісу:
Ақшаны көп бөлеміз, бірақ шаңғы базасын аша алмай отырмыз – шаңғышы
Фото: жеке мұрағат

Думан Бейсенаев шаңғы спортымен кәсіпқой тұрғыда айналысады. Жақында Италияда өткен шаңғы марафонына қатысып, 133- орынға тұрақтаған. Ендігі мақсаты Қарқаралы өңірінен шаңғы базасын ашу. Жалпы елімізде қысқы спорттың дамуы қандай, шаңғы базасын ашу үшін не істеу керек Думан Бейсенаевпен сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Жақында Италияда өткен шаңғы марафонына барып келдіңіз. Марафон жайлы толығырақ айта кетсеңіз?

Италия марафоны 1984 жылдан бері өткізіліп келеді. Екі күн яғни, бірінші күні классикалық, екінші күні еркін стильде өтеді. Өзімнің сүйікті еркін стиліме қатыстым. Бұл марафонның тарихы өте бай. Марафонға 40 шақты мемлекеттен қатысты. Ұтысы да көп марафон. Алғашқы бестікті италиялықтар алды. Себебі ол жақта шаңғы спорты қарқынды дамып жатыр. 

Бәсекелестік өте жоғары. Өзім өз деңгейімде жақсы нәтиже көрсеттім. Бұған дейін Финляндия, Эстония жерлерінде өнер көрсеттім. Бірақ жарақат алып қалған едім. Жарақатымнан айығып, екі жылдай шаңғымен айналыспадым. 

Биыл Италияға осы марафонға барып, дайындалып, арнайы оқу-жаттығу жиынынан өттім. Жалпы есепте 133-орын, ал 29 бен 39 жас аралығында 30-орынға тұрақтадым. Бұл мен үшін әжептәуір жетістік. Бұлай деп айтуымның да өзіндік себебі бар. Өзім қарапайым шаштаразбын. Шаш алып қана қоймай, сүйікті хоббиім шаңғы спортымен айналысып, жарыстарға қатысып жүрдім. 

Шаңғы спортынан үздік үштікті алатын әзірге мүмкіндік жоқ. Ол үшін жұмыстың барлығынан бас тартып, сонымен ғана айналысу керек. Ал кәсіпқой спортшыларда демеушілер бар. Мемлекеттік қаржыландыру да болады. Олар бүкіл уақытын, өмірін соған арнағандықтан нәтиже жақсы. 

Мен үшін үлкен жетістік дегенім бақ сынасып, тәжірибе алмасу. Өзіміздің елде Қарқаралы өңірінде балаларға осы спорттан арнайы үйірме аштым. Алайда жаттықтырушы ретінде тәжірибем аз. Сол шетелге шыққанда басқа бапкерлермен пікір алмасып, шаңғы базасын көріп сондай жобаны елге алып келіп, дамыту мақсатында барған болатынмын. 

Италияның Тоблох қаласында болдық. Туризмнің, спорттың қайнап тұрған Италияның сондай бір астанасы деп айтуға болады. Себебі ол қалада 300 шақырым шаңғы жолдары салынған. Бізде ондай жер жоқ. Қалада 3 мыңға жуық адам тұрады. Бірақ бір дегенде 100 мың адамға қызмет көрсете алады. Мемлекетке де, қаланың өзіне де қаншама инвестиция, қаражат түсіп жатыр. 

Жаңа айтқанымдай 300 шақырым жолда бір қаладан екінші қалаға жүре бересіз. Тағы бір керемет тұсы Австрия мемлекетімен шекаралас болған соң ол елге де барып қайтуға болады. Тек шенген визасы болса жеткілікті. Ол жақтың да шаңғы базасын көріп, танысып қайттым. Салауатты өмір салтына қатты көңіл бөледі екен.

Ақшаны көп бөлеміз, бірақ шаңғы базасын аша алмай отырмыз – шаңғышы

- Қысқы спортқа қызығушылық қайдан пайда болды?

Қарқаралы өңірінің табиғаты Бурабайдан еш кемшілігі жоқ. 1994 жылы Лиллехаммерда қысқы Олимпиада ойыны өтті. Сол кезде біздің шаңғышымыз Владимир Смирнов алтын жүлде алды. Соны қарап отырған кезде орман-тоғайдың ішінде шаңғымен жарысып келе жатқанын көріп, жеңіске жетіп, әнұранның шырқалғаныны ерекше әсер етті. 

Қарқаралы өңірінде баяғыда шаңғы спорты болған. Кеңес үкіметі тараған соң тоқтап қалды. Осы жерде қызмет атқарған Германиядан келген жаттықтырушыларда өз елдеріне кетті. Содан кейін шаңғы спорты сөнді де қалды. Үйірмелер болмағандықтан маған бұл спорт арман болып қалды. Әкем ол кезде тоғызқұмалақтан жаттықтырушы болып істейді. Ол спортқа да қатысып, біраз жетістіктерге жеттім. 

Әскерге барып келген шаштараз жұмысына кірістім. Шаш алып үйреніп, қолыма қомақты қаражат түскен соң бала күнгі арманымды орындап, шаңғы сатып алдым. 2010 жылдары жай серуендеп қайту үшін үйреніп бастаған едім. Кезінде сол неміс бапкерлердің де Қарқаралы да шаңғы базасын салу арман болған. Сол үмітті қайта жалғап Қарқаралыда ашу маған бұйыртып тұрған шығар деп ойлаймын.

Ақшаны көп бөлеміз, бірақ шаңғы базасын аша алмай отырмыз – шаңғышы

- Еліміздегі қысқы спорттың деңгейі жайлы не ойлайсыз?

Қазір еліміздегі қысқы спорттың жағдайы көңіл көншітпейді. Себебі қаншама ақша құйылып жатыр. Бірақ нәтиже көрмей жатырмыз. Қазір мықты мамандар аз болып тұр. Ғылым жоқ. Шетелдік жарыстарда жүрген кезімде шаңғыны майлап, тазалайтын адамдармен сөйлестім. Олар ғылыми тұрғыда көп жұмыс істейді екен. Бізде сол жағы ақсап тұр. Соңғы рет алған алтынымыз сол Смирнов болып тұр.

 Басты мақсат - шетелдерге құр жарыстарға барып қоймай, жаттықтырушылармен танысып, базаларын көріп, білім алмасу. Сол білімді әрі қарай Қарқаралыда, елімізде пайдалану. Қазір технология бір орында тұрған жоқ. Шаңғылар бұрын ағаштан, пластиктен жасалған болса, қазір карбон дейді. Соның барлығын біз біліп, зерттеуіміз керек.

Ақшаны көп бөлеміз, бірақ шаңғы базасын аша алмай отырмыз – шаңғышы

- Қарқаралыдан шаңғы базасын ашуды жоспарлап жүр екенсіз. Жұмыс қалай жүріп жатыр? 

Шаңғы базасын ашу идеясы 2013-2014 жылдары келді. Шаңғымен айналысқалы аудандық, облыстық жарыстарда жеңіске жете бастадым. Денсаулық, потенциал бар. Неге басқа үлкен жарыстарды көрмеске деп ойладым. Содан республикалық жарыстарға шығып Алматыда 3-орын алдым. Маған бірақ қысқа емес, ұзақ қашықтықтар ұнайды. Солай-солай марафондарға келдім. 2018 жылы алғаш рет Финляндия жерінде өнер көрсеттім. Мықты дайындықпен бардым. 5000-нана аса адам қатысты. Жоғары нәтиже көрсетіп 117-орынға тұрақтадым. 

Ал Эстонияда 70 шақырымдық классикалық марфонға жолдама алдым. Ол жерде жақсы нәтиже көрсета алмадым. Себебі жарыста бір топ шыңғышылар құлап, шаңғымды сындырып алдым. Бірақ жүгіріп шықтым. Алайда уақыт жағынан ұтылдым. Солай шетелден тәжірибе жинап келіп, 2017 жылы Қарқаралы да шағын шаңғы базасын аштым. 

Контейнер алып, шағын шай ішетін жер жасадым. Шаңғы алып, соны жалға беріп бастадым. Кәсібіміз жақсы сұранысқа ие болды. Қарағанды облысынан демалушылар келеді. Осылай қысқы спорт дамып жатыр. БІрақ 2017 жылы кәсіпті бастағаныммен жерді әлі ұзақ мерзімге ала алмай отырмын. Ұлттық парк территориясында фундамент құюға болмайды дейді. Әлі де атқарылатын шаруа көп. Шаңғы жолдарына ағаштар өсіп кеткен. Соның барлығын ретке келтіру керек. 

Бурабай мен Шортанды жақ жақсы дамып жатыр. Бірақ Қарқаралыға келгенде заң қатты жұмыс істейді. Қарқаралының да табиғаты да керемет. Экология министрлігі бізге келгенде жұдырығын қатты қысады. Сол жағы әттеген-ай болып тұр. Үкіметтен қыруар қаржы да сұрап жатқан жоқпыз. Инвесторлар бар. Бастапқыда салатын өз қаражатымыз да бар. Менің мақсатым жалғыз спортшыларға емес, бұқаралық спортты дамытуға, туризмді көтеруге жағдай жасау.

- Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Ақшаны көп бөлеміз, бірақ шаңғы базасын аша алмай отырмыз – шаңғышы
Өзгелердің жаңалығы