Әлеуметтік желілерде Дубайдағы Қазақстан консулы азаматтарға «егер тұруға ақша болмаса, несие алуға болады» деген мазмұнда жауап бергені туралы ақпарат тарады. Бұл пікір қоғамда қызу талқыланып, дипломаттардың шетелдегі қазақстандықтарға көмегі туралы сұрақтар туғызды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аталған жағдайға байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің өкілі Ерлан Жетібаев түсініктеме беріп, шетелдегі дипломатиялық қызметкерлердің негізгі міндеті – азаматтарға жан-жақты консулдық және құқықтық көмек көрсету екенін атап өтті.
Ведомствоның мәліметінше, дипломаттар ең алдымен шетелдегі қазақстандықтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға міндетті. Бұл – Сыртқы істер министрлігінің басты басымдықтарының бірі.
Сондай-ақ министрлік әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа қатысты тексеру жүргізілгенін хабарлады. Ал консулдың сөзіне қатысты ресми өкіл оның пікірі эмоциямен айтылып, ойы дұрыс жеткізілмеуі мүмкін екенін айтты.
Шетелдегі дипломаттар мен консулдардың басты міндеті – Қазақстан азаматтарына барлық қажетті көмекті көрсету. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі, - деді ведомство өкілі.
Министрлік шетелде жүрген қазақстандықтар қиын жағдайға тап болған жағдайда дипломатиялық өкілдіктерге жүгінуіне болатынын еске салды.