Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ақша жинап, жұмыстан шығару: Мұғалімдердің құқығы қалай бұзылып жүр?

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
26 Тамыз 2025, 17:50
4078
Бөлісу:
 Артём Чурсинов  - архив
Фото: Артём Чурсинов - архив

Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Әшіров “Педагог мәртебесі туралы” жиналыста мұғалімдерді міндетіне жатпайтын жұмыстарға тарту фактілері әлі де бар екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, заң бұзушылықтар саны 2020 жылмен салыстырғанда үш есеге азайғанымен, бұл мәселе әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Қостанай, Алматы, Абай, Жамбыл және Павлодар облыстарында әлі де бұзушылықтар тіркеліп отыр. Олар көп жағдайда педагогтерге тән емес жұмыстарға тарту бойынша, педагогтердің ар-намысына тию, яғни балағаттау бойынша, концерт билеттерін сатып алуға және әртүрлі шараларға көрермен ретінде қатысуға мәжбүрлеу бойынша тіркелген, – деді комитет басшысы.

Ол мұғалімдердің құқығы қалай бұзылғанына бірнеше мысал келтірді.

1. Биыл маусым айында Қостанай қаласының әкімі мұғалімдерді жаз уақытында суға түсетін аймақтарда кезекшілікке тарту туралы тапсырма берген. Қоғам арасында үлкен резонанс тудырған жағдай педагогтер құқықтарын бұзудың айқын көрінісі.

2. Семей қаласының №49 мектебінің педагогі былтыр желтоқсан айында қаланың орталық алаңында жаңа жылдық шырша құрып жатқанда биіктен құлады. Мәселе бойынша әлеуметтік желіде үлкен резонанс болды. Педагогтің денсаулығына үлкен нұқсан келтірілді, оған бірнеше рет ота жасалды, көп ем қабылдады.

Қызметтік тергеу нәтижесінде Семей қаласы әкімінің орынбасарына “қатаң сөгіс” жарияланып, Білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды.

3. Биыл мамырда Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес Келешек мектебінің педагогтері қалалық сенбілікке тартылған. Бұл жағдай бойынша аумақтық департамент әкімшілік шара қабылдады.

4. 2024 жылы 29 тамызда, яғни жаңа оқу жылы қарсаңында Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында Жамбыл атындағы мектепте “Томирис патшайым” деген лақап атпен танылған бөгде адамды қошеметтеп, құрмет көрсетіп жүрген педагогтердің видеосы тарады.

Бұл кездесу үшін мұғалімдерден ақша жиналып, арнайы концерт ұйымдастырылған. Бұл жағдай бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, мән жайлар тексерілді. Іс-шараны ұйымдастыруға әкімдік тапсырма бергені анықталды. Нәтижесінде, аудан әкімінің орынбасары мен мектеп директоры лауазымдарынан босатылды. Тұрар Рысқұлов аудандық әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің басшысы мен Тереңөзек ауылының әкіміне қатаң ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылды, - деді Серік Әшіров жиында.

5. Мамыр айында Қаскелеңде жасөспірімдер арасында болған қайғылы жағдай үшін директор мен мұғалімдер жауапқа тартылып, жұмыстан шығарылды. Министрлік мектептен тыс жерде болған оқыс оқиғаға ұстаз жауапты емес екендігін алға тартып, ұстаздардың құқығын қорғап, олардың жұмысқа қайта оралуына мүмкіндік жасады.

6. 2023 жылы сәуірде Павлодар облысының Шарбақты ауданында 12 жасар мектеп оқушысы үйінде зорлық-зомбылыққа ұшырап, салдарынан жүкті болғаны анықталды. Бұл жағдай үшін мектеп директоры жұмыстан босатылған.

Өзгелердің жаңалығы