Боливия әскери-әуе күштеріне тиесілі, жаңа банкноттарды тасымалдаған Hercules ұшағы Эль-Альто қаласында көліктер жүріп жатқан жолға құлады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Боливия ӘӘК-іне тиесілі Hercules ұшағы Орталық банктен жаңа банкноттарды елдің басқа қалаларына жеткізіп бара жатқан, деп жазады TRT WORLD.
Алдын ала мәліметке сәйкес, ұшақ ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, Ла-Пас қаласына жақын орналасқан Эль-Альто қаласында бірнеше көлікті қағып өткен. Кейін көрші алаңға барып тоқтаған.
Апат салдарынан 15 адам, оның ішінде ұшақ экипажының барлық мүшесі қаза тапты, тағы 12 адам жарақат алған. Тасжолда ондаған көлік зақымданған.
Әлеуметтік желілерде тараған фото және видеолардан әуежай маңына көп мөлшерде ақша шашылып кеткенін көруге болады. Жүздеген адам жерге төгілген банкноттарды жинауға ұмтылған.
Жиналған жұртты тарату үшін полиция арнайы құралдарды қолдануға мәжбүр болды, – делінген хабарламада.
Боливия астанасына бағытталған әуе рейстері уақытша тоқтатылды.