Бұдан былай елдегі қосымша білім беру саласында қызмет көрсететін барлық ұйым мемлекеттік тапсырыс алуға үміткер бола алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Мемлекеттік тапсырыс алу үшін ұйымның қызметі заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес болуға тиіс. Бұдан басқа, кезекті қалыптастыру тетігі толығымен қайта қаралады.
Пилоттық жобада балалар әлеуметтік мәртебесіне қарай 12 санатқа бөлінеді және әр санаттың өз кезегі болады. Кезек бұрынғыдай қайта құрылмайды, тек алға жылжып отырады, ата-аналар оны цифрлық платформа арқылы бақылай алады. Бұл кезектің ашықтығын қамтамасыз етеді, - деді спикер.
Жаңа жүйенің негізгі қағидаты – "ақша балаға беріледі". Қызмет көрсетілгеннен кейін ғана қаржыландыру жүргізіледі.
Сондай-ақ ата-аналарда баланың мүдделерін, жеке қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, құжаттарды қайта тапсырмай жеткізушіні өзгерту мүмкіндігі болады. Яғни бұрын алынған ваучердің күші жойылмайды, - деді Майра Мелдебекова.
Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдар базалық нормативтің мөлшерін өз бетінше бекітеді. Ал барлық дербес деректер Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық білім беру базасында орталықтандырылған түрде сақталады.
Еске салайық, бұған дейін ваучерлік жүйе пилоттық режимде іске қосылғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ, тоғызқұмалақ пен садақ ату ваучер жүйесіне енгізілгені айтылды.