2026 жылғы 2 сәуірден бастап АҚШ Мемлекеттік департаменті жаңа ереже енгізеді: B1/B2 санатындағы (туризм және іскерлік сапарлар) визаларға өтініш беретін бірқатар елдердің азаматтары 15 000 долларға дейін кепіл төлеуге міндетті болады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл шара визалық режимді бұзу жағдайларын, әсіресе шетел азаматтарының елде рұқсат етілген мерзімнен артық қалып қоюын азайтуға бағытталған.
Кепіл өтініш беруші талаптарды сақтаған жағдайда қайтарылады: яғни, АҚШ-тан уақытында шықса немесе сапардан бас тартса.
Жаңа тізімге Камбоджа, Эфиопия, Грузия, Гренада, Лесото, Маврикий, Моңғолия, Мозамбик, Никарагуа, Папуа – Жаңа Гвинея, Сейшел аралдары және Тунис енгізілген.
Бұған дейін тізімге енгізілген 38 ел қатарында Алжир, Ангола, Антигуа және Барбуда, Бангладеш, Бенин, Бутан, Ботсвана, Бурунди, Кабо-Верде, Орталық Африка Республикасы, Кот-д’Ивуар, Куба, Джибути, Доминика, Фиджи, Габон, Гамбия, Гвинея, Гвинея-Бисау, Қырғызстан, Малави, Мавритания, Намибия, Непал, Нигерия, Сан-Томе және Принсипи, Сенегал, Тәжікстан, Танзания, Того, Тонга, Түрікменстан, Тувалу, Уганда, Вануату, Венесуэла, Замбия және Зимбабве бар.
Осылайша, АҚШ елге кіруге қосымша қаржылық талап енгізіп отыр: енді визаның мақұлдануының өзі сапарға шығу үшін айтарлықтай қаражат қажет ететін болады. Бұл көптеген туристер мен іскерлік сапарға шығушылар үшін елеулі шектеу болуы мүмкін.