Ресей, АҚШ және Украина өкілдері қатысатын келіссөздердің келесі кезеңі 1 ақпанда Абу-Дабиде басталады, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Reuters мәліметіне сүйенсек, аты-жөнін жарияламауды сұраған америкалық шенеунік алдыңғы кездесулерде тараптар бір-біріне құрметпен қарап, ортақ шешім табуға ұмтылғанын айтқан. Талқылаулар келісімдердің егжей-тегжейлі тұстарын қамтыған. Ал алдағы жексенбі күні өтетін кезекті кездесу мәмілені соңғы кезеңіне жеткізуге бағытталмақ. Бұл пікірлер анонимдік шартпен берілген.
Америкалық Axios порталының журналисі Барак Равид те кездесудің дәл осы мерзімде өтетінін растады. Оның айтуынша, үшжақты келіссөздердің қайта жалғасуы Мәскеу мен Киев арасындағы диалогта ілгерілеу барын көрсетеді. Сондай-ақ украиналық өкілдер өткен консультацияларды оң және конструктивті деп бағалаған.
Reuters дереккөзі қақтығыстан кейін Украина үшін әзірленіп жатқан қауіпсіздік хаттамалары «өте берік» болатынын атап өтті.