Трамп әкімшілігі федералды агенттіктерге Гарвард университетіне бөлінетін гранттарды қайта қарап, қажет болса қаржыландыруды тоқтату немесе басқа бағытқа қайта бөлу туралы тапсырма бермек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл шешім Ақ үй мен АҚШ-тың ең көне әрі беделді университеті арасындағы шиеленістің артуы аясында қабылданып отыр.
Федералды келісімшарттар мен мемлекеттік мүлікке жауапты Мемлекеттік қызметтер басқармасы (GSA) агенттіктерге Гарвардпен жасалған келісімшарттарды анықтап, оларды бұзу немесе қаржыны қайта бағыттау мүмкіндігін қарастыру туралы хат жолдамақ. Әкімшілік дерегі бойынша, қайта қаралуы мүмкін келісімшарттар саны — шамамен 30, жалпы құны 100 миллион доллар көлемінде.
Бұған дейін 2,65 миллиард доллар көлеміндегі гранттар уақытша тоқтатылып, Гарвардтың шетелдік студенттерді қабылдау құқығына шектеу қойылмақ болған. Бұл шешімді кейін сот уақытша тоқтатты.
Университет бұл жағдайға әзірге ресми жауап бермегенімен, өз сайтында медицина, ғылым және технология саласындағы зерттеулердің көбіне федералдық қаржыландыруға тәуелді екенін ескерткен. Онда жүрек аурулары, қатерлі ісік, індеттер мен семіздікке қатысты жобалар аталып, "федералдық қаржысыз бұл жұмыстар тоқтап қалуы мүмкін" делінген.
Сонымен қатар, АҚШ билігі шетелдік студенттерге арналған визаларды беру процесін де уақытша тоқтатты.
GSA әр агенттікке өз талаптарына сай келмейтін келісімшарттарды «ыңғайлылық үшін бұзуды» және қаржыны өзге бағыттарға бөлу мүмкіндігін қарастыруды ұсынады. Бұл әрекет университетті антисемитизм мен кемсітушілікке жол берді деген айыппен түсіндірілуде.
Гарвард студенттері мен оқытушылары сейсенбі күні наразылық акциясын ұйымдастырды. Университет кампусындағы еврей қауымдастығы — «Гилель» орталығының бұрынғы басшысы Джейкоб Миллер пікір білдірді.
Бұл саясат антисемитизммен күрес емес, керісінше оны бүркемелеу. Бұл — барып тұрған абсурд, — деді.
Ақ үй өкілінің BBC-ге айтуынша, ықтимал қысқартулар Гарвардпен байланысты ауруханаларға әсер етпейді. Егер қандай да бір грант агенттік үшін маңызды саналса, сол агенттік қаржыландыруды сақтау үшін күресе алады.
Айта кетейік, бұл Ақ үйдің Гарвардқа қарсы алғашқы әрекеті емес. Сәуір айында университетті салықтық жеңілдіктерден айыру және 2,2 миллиард долларды бұғаттау туралы ескерту жасалып, Гарвард сотқа жүгінген. Бір айдан соң әкімшілік тағы 450 миллион долларлық грантты тоқтатқан.
Еске салсақ, осыған дейін Трамп Гарвард университетінен 3 млрд доллар көлеміндегі грантты қайтарып алмақ болған. Гарвардта оқып жатқан шетелдіктер басқа университетке ауысуға мәжбүр болғанда Гарвардтағы оқу орнында қанша қазақстандық бар екенін де анықтаған болатынбыз. Сондай-ақ, Трамп Гарвардтан халықаралық студенттер туралы деректерді жариялауды талап еткен.