АҚШ-тың саясатындағы өзгеріске қарамастан, қай елдер Украинаны қолдауды жалғастырады?

Бөлісу:
АҚШ-тың саясатындағы өзгеріске қарамастан, қай елдер Украинаны қолдауды жалғастырады?
Фото: ©️ instagram/emmanuelmacron

Жалпы 20-дан астам ел, нақтырақ айтар болсақ, Еуропаның көптеген елдері мен Канада АҚШ-тың саясаты өзгерсе де, Украинаны қолдауды жалғастырады. Бұл туралы 19 ақпанда Париждегі бейресми саммиттен кейін Франция президенті Эммануэль Макрон мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі DW сайтына сілтеме жасап.

Біз Украинаны қолдаймыз және Еуропада бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша барлық міндеттемелерімізді орындаймыз, - деді Макрон.

Франция президенті Украина әрдайым бейбітшілікке қол жеткізу жолындағы күш-жігерге қатысуы керек екенін және оның құқықтары құрметтелуі тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол Еуропа елдерінің қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылықтары ескерілуі қажет екенін айтты. Макронның айтуынша, бейбітшілік тұрақты болуы керек және сенімді кепілдіктермен қамтамасыз етілуі қажет.

Париждегі бейресми саммитке видеобайланыс арқылы Литва, Финляндия, Кипр, Бельгия, Болгария, Канада, Хорватия, Эстония, Греция, Ирландия, Исландия, Латвия, Норвегия, Португалия, Швеция, Словения және Чехия мемлекеттерінің басшылары мен үкімет өкілдері қатысты. Сонымен қатар, кездесуде Макронмен бірге Румынияның уақытша президенті Илие Боложан мен Люксембург премьер-министрі Люк Фриден жеке қатысты. Бұл конференцияға Германия қатысқан жоқ.

Бұл – бір апта ішінде Парижде өткен Украина мен Еуропа қауіпсіздігіне арналған екінші төтенше саммит. Бірінші кездесу 17 ақпанда өтті.

Париждегі жиынға қатысушылар Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктерін, Еуропаның қорғаныс шығындарын және АҚШ-тың жаңа әкімшілігінің Украинадағы соғысты тоқтату бағытында атқарып жатқан іс-әрекеттерін талқылады.

19 ақпанда Сауд Арабиясында өткен АҚШ пен Ресей арасындағы келіссөздерден кейін Ақ үй басшысы Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийді "диктатор" деп атады. Трамптың айтуынша, Зеленский "мемлекет басшысының сайлауын өткізуден бас тартып отыр".

Сайлаусыз диктатор, Зеленскийге асығу керек, әйтпесе оның мемлекеті қалмайды, - деп жазды АҚШ президенті өз әлеуметтік желілерінде.

Трамптың сынына БҰҰ жауап беріп, Зеленскийдің заңды президент екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, Германия үкіметі де Трамптың мәлімдемесін сынға алды.

Соғыс жағдайында тиісті сайлау өткізу мүмкін емес екені Украина конституциясы мен сайлау заңнамасында көрсетілген. Бұған ешкім күмән келтірмеуі тиіс, - деп атап өтті Германия канцлері Олаф Шольц.

Еске салсақ, Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-тың президенті Дональд Трамптың бұл мәлімдемесіне бірден жауап берген болатын.

Өзгелердің жаңалығы