Ақ үйдің ресми сайтында жарияланған АҚШ президенті Дональд Трамптың Жарлығына сәйкес, Буркина-Фасо, Мали, Нигер, Оңтүстік Судан, Сирия, Лаос және Сьерра-Леоне азаматтарына Америка Құрама Штаттарына кіруге толық шектеу енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Report агенттігіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар құжатта тағы 15 елдің азаматтарына виза беруге ішінара шектеулер қойылатыны көрсетілген. Аталған елдер қатарында Ангола, Антигуа және Барбуда, Бенин, Кот-д’Ивуар, Доминика, Габон, Гамбия, Малави, Мавритания, Нигерия, Сенегал, Танзания, Тонга, Замбия және Зимбабве бар.
Жарлыққа сәйкес, АҚШ Түрікменстан азаматтары үшін иммиграциялық емес визаларға қойылған тыйымды алып тастады. Алайда бұл елдің азаматтарының иммигрант ретінде АҚШ-қа кіруі әлі де тоқтатылған.
Айта кетейік, бұған дейін Ауғанстан, Мьянма, Чад, Конго Республикасы, Экваторлық Гвинея, Эритрея, Гаити, Иран, Ливия, Сомали, Судан және Йемен азаматтарына қатысты енгізілген осындай шектеулер өз күшінде қала береді.