Сенбі күні елдің басым бөлігіне ойран салған жойқын дауылға байланысты демалыс күндері АҚШ аумағында шамамен 12 мың әуе рейсі тоқтатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Associated Press-ке сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Оклахома-Сити қаласындағы Уилл Роджерс атындағы халықаралық әуежайда сенбі күнгі барлық рейс тоқтатылып, жексенбі күні таңертеңгі рейстер де түгел орындалмады.
Сенбі күні таңертең ел бойынша 112 000 абонент электр қуатынсыз қалды. Оның ішінде Техаста шамамен 55 000, Луизианада 13 700 және Нью-Мексикода 11 800-ге жуық абонент жарықсыз отырған.
FlightAware рейстерді бақылау сайтының мәліметіне сүйенсек, сенбі күні шығыс уақытымен 12:30-дағы жағдай бойынша 4000-нан астам рейс тоқтатылған. Жексенбі күні 8000-нан астам рейс орындалмады. Ең көп зардап шеккендер қатарында Даллас/Форт-Уэрт, Нэшвилл және Шарлотт/Дуглас халықаралық әуежайлары бар.
Елдің Ұлттық метеоқызметі шығыс Техастан Солтүстік Каролинаға дейін созылған аумақта қалың қар жауып, көктайғақ болуы мүмкін екенін ескертті. Агенттік дерегінше, дауыл туралы ескерту АҚШ халқының 140 миллион адам тұратын аймағына, яғни ел тұрғындарының 40%-дан астамына қатысты жарияланған.
Бұл дауылды ерекше етіп тұрғаны – оның артынан бірден қатты суық түседі, – деді Ұлттық метеоқызметтің метеорологы Эллисон Санторелли.
Оның айтуынша, қар жаууы мен жолдардың көктайғақтануы жақын арада тоқтамайды, бұл кез келген қалпына келтіру жұмыстарына кедергі келтіреді.
Айта кетейік, алдағы ауа райының күрт нашарлауына байланысты оннан астам штаттың билігі дабыл қағып, төтенше жағдай режимін жариялаған немесе тұрғындарды үйлерінен шықпауға шақырған.
АҚШ-тың Орта Батыс аймағында ауа температурасы -40 градусқа дейін төмендеді. Сенбі күні таңертең Висконсин штатындағы Райнлендер қаласында температура -38 градусқа дейін түсіп, бұл соңғы шамамен 30 жылдағы ең төмен көрсеткіш болды.