Қазақстанда АҚШ-қа тікелей әуе қатынасын іске қосу бағытында авиациялық қауіпсіздік жүйесін күшейту жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Комитеттің ақпаратынша, Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің базасында авиациялық қауіпсіздік саласында персоналдың саналы мінез-құлқын қалыптастыру және инсайдерлік тәуекелдерді басқару мәселелеріне арналған семинар өтті. Іс-шара АҚШ Елшілігінің Экспорттық бақылау және шекара қауіпсіздігі (EXBS) бағдарламасының қолдауымен және АҚШ Көлік қауіпсіздігі әкімшілігімен (TSA) серіктестікте ұйымдастырылған.
Семинардың негізгі мақсаты – азаматтық авиация саласында қауіп-қатерлерді ерте анықтау, оларды азайту және алдын алу бойынша тәжірибеге негізделген тәсілдерді енгізу арқылы мамандардың кәсіби даярлығын арттыру. Сонымен қатар авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған әлеуетті мүмкіндіктер мен тәуекелдер талқыланды.
Іс-шараға Азаматтық авиация комитетінің, Авиациялық әкімшіліктің, еліміздің барлық әуежайларының, Мемлекеттік кірістер органдарының, Қаржы министрлігі құрылымдарының, сондай-ақ ҰҚК Шекара академиясының өкілдері қатысты. Қатысушылар қауіптерді талдаудың заманауи әдістерін, тәуекелдерден қорғау құралдарын және персоналдың саналы мінез-құлқын инциденттердің алдын алуға арналған проактивті шара ретінде қолдану тәжірибесін пысықтады, - деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті.
Әсіресе әуе жүктерінің қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерді төмендету және ықтимал қауіптерге әрекет ету жоспарларын кешенді әзірлеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Оқыту АҚШ Көлік қауіпсіздігі әкімшілігінің (TSA) оқу орталығының нұсқаушыларының жетекшілігімен өтті. Бұл семинар Қазақстанда алғаш рет өткізілген және TSA-ның халықаралық тәжірибесі мен үздік практикаларын ұлттық авиациялық қауіпсіздік жүйесіне бейімдеуге бағытталған бастама саналады.
Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, АҚШ-қа тікелей әуе бағыттарын ашу жоспарларын ескере отырып, алдағы уақытта осы бағыттағы ынтымақтастықты жалғастыру және авиациялық қауіпсіздік деңгейін тұрақты арттыруға арналған оқыту іс-шараларын өткізу көзделіп отыр.