АҚШ Федералдық авиация басқармасының (FAA) аудиторлар тобы Қазақстан мен Америка арасында тікелей әуе қатынасын ашуға дайындық аясында бағалау жүргізу үшін 19 қыркүйекте Қазақстанға келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Астанада өтіп жатқан «САЯХАТ 2026» Kazakhstan Travel Forum алаңында ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев мәлімдеді.
Ертең бізге Америка Құрама Штаттарының Федералдық авиация агенттігінен Құрама Штаттарға ұшуға рұқсат беру мақсатында Қазақстанды тексеру үшін салмақты аудиторлар тобы ұшып келеді, – деді Талғат Ластаев.
Вице-министрдің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді.
Бұл жерде де өте үлкен, ауқымды жұмыс атқарылуда. Жақын болашақта тікелей рейстеріміз ашылады деп үміттенеміз, – деп атап өтті вице-министр.
Әңгіме FAA жүргізетін IASA ұшу қауіпсіздігінің халықаралық бағалауы туралы болып отыр. Бағдарлама аясында американдық реттеуші ұлттық авиациялық ведомствоның ИКАО (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) белгілеген қауіпсіздіктің халықаралық стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз ету қабілетін бағалайды.
Қазақстанның АҚШ-қа тікелей рейстер ашуға дайындығы қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, 2026 жылдың тамыз айында Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі мен АҚШ елшілігі азаматтық авиация саласындағы әріптестік пен IASA бағалауына дайындық мәселелерін талқылаған болатын.
Бұған дейін Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі елдің АҚШ-қа тікелей рейстерді іске қосу үшін қажетті FAA мәртебесін алуды жоспарлап отырғанын хабарлаған еді. Ведомство 2026 жылдың мамыр айында-ақ FAA сарапшыларын бағалау жүргізу үшін қыркүйекте Қазақстанға шақыру жоспарда бар екенін мәлімдеген болатын.
Дегенмен, тұрақты рейстердің басталу мерзімі тек тексерістен өтуге ғана емес, сонымен қатар қажетті рұқсаттарды алуға және тиісті әуе кемелерінің болуына байланысты. 2026 жылдың қыркүйегінде «Air Astana» компаниясы АҚШ-қа тікелей рейстерді 2027 жылы іске қосуды жоспарлап отырғанын хабарлаған еді, бірақ бірінші ұшудың нақты күні әлі белгісіз.