Камала Харрис 2021 жылдың қаңтарынан бастап АҚШ вице-президенті қызметін атқарып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ
Камала Дейви Харрис – 1964 жылдың 20 қазанында Калифорния штатында дүниеге келген. АҚШ мемлекеттік және саяси қайраткері, заңгер. АҚШ тарихында вице-президент лауазымына тағайындалған ең бірінші әйел және ең бірінші қара нәсілді саясаткер болып табылады. АҚШ Демократиялық партиясының мүшесі.
1990 жылдан бастап прокуратура саласында еңбек еткен. Кейіннен Калифорния штатының прокуроры (2011-2017), сосын осы штаттың атынан сенатор болып сайланған (2017-2021).
2019 жылы АҚШ президенті атану үшін сайлауға қатысатынын мәлімдеген. Кейіннен 2020 жылдың 8 наурызында саяси додадан бас тартатынын айтып, сайлаушыларды Джо Байденді қолдауға шақырған.
Вице-президент ретінде АҚШ-тың сыртқы саясатының күшеюіне күш салған. 2021 жылы Байден науқастанып, операцияға жатқызылған тұста президенттің міндетін уақытша атқарған.
Қазіргі Ақ үйдің басшысы Джо Байден күздегі кезекті сайлауға түсуден бас тартқаннан кейін ол президенттікке таласта Харристың кандидатурасын қолдайтынын мәлімдеді.