АҚШ пен Канада арасында сауда соғысы өршіді: Оттава 20 млрд долларлық жауап шарасын енгізді

Канада америкалық тауарларға 15%-дан 50%-ға дейін баж салығын салуға ниетті.

 istock 26 Тамыз 2026, 13:20
26 Тамыз 2026, 13:20
160
Фото: istock

Канада АҚШ тауарларына жылына жалпы құны шамамен 20 млрд доллар болатын жауап баждарын енгізеді. Тарифтер 8 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

Reuters таратқан мәліметке сәйкес, Канада үкіметі АҚШ-тан әкелінетін шамамен 700 санаттағы тауарға 15%, 25% және 50% мөлшерінде баж салығын белгілейді. Билік бұл қадамның АҚШ енгізген жаңа тарифтерге жауап ретінде қабылданғанын мәлімдеді.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Канаданың құны 20 млрд доллар болатын тауарларына 50 пайыздық баж салығын енгізген. Бұл тарифтер екі ел арасындағы сауда келіссөздері сәтсіз аяқталғаннан кейін күшіне енді.

«Біз енгізетін тең көлемдегі өтемдік тарифтер, сондай-ақ бірнеше миллиард долларлық қолдау шаралары жұмысшыларды, фермерлерді, отбасылар мен кәсіпорындарды қорғайды», - деді Канаданың қаржы министрі Франсуа-Филипп Шампань.

Канада ең жоғары - 50 пайыздық баж салығын америкалық болат, алюминий, жиһаз және киім-кешекке енгізеді. Ірімшік, тұрмыстық техника және кейбір теңіз өнімдеріне 25%, ал электроника мен құрал-саймандарға 15% баж салығы салынады.

Тізімге сондай-ақ дайын азық-түлік өнімдері, парфюмерия, жеке күтім заттары, пластмасса, ағаш материалдары, қағаз өнімдері, кілемдер, мотоциклдер, өнеркәсіптік жабдықтар мен теміржол локомотивтері кірді.

Канаданың өнеркәсіп министрі Мелани Жолидің айтуынша, жауап шаралары жергілікті компанияларды қорғап қана қоймай, 3 қарашада өтетін аралық сайлау қарсаңында АҚШ-қа саяси қысымды күшейтуге бағытталған.

«Біз сондай-ақ Американың белгілі бір штаттарында өндірілетін тауарларды таңдап отырмыз. Осылайша, саяси қысым жасай отырып, ақылға қонымды әрі стратегиялық әрекет етіп жатырмыз», - деді Жоли.

Сонымен қатар Канада билігі сауда соғысынан зардап шегуі мүмкін бизнес пен жұмысшыларды қолдауға 7,5 млрд Канада долларын бөлетінін мәлімдеді. Қолдау пакеті шағын және орта бизнеске көмек көрсетуді, айналым қаражатын қаржыландыруды және компания қызметкерлерін қолдауды көздейді.

Канаданың Бизнесті дамыту банкі зардап шеккен кәсіпорындарға 2,5 млн-нан 5 млн Канада долларына дейін пайызсыз несие ұсынады. Жолидің айтуынша, несие бойынша алғашқы төлемдерді 36 айға дейін кейінге қалдыруға болады.

Наверх