АҚШ пен Иран Исламабадта келіссөз жүргізеді

Кездесу Пәкістанның арағайындығымен өтеді

 depositphotos.com Бүгiн 2026, 10:15
Бүгiн 2026, 10:15
149
Фото: depositphotos.com

Исламабадта Пәкістанның арағайындығымен АҚШ пен Иран арасында келіссөз өтеді деп күтілуде. Кездесуге Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи келіп жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters-ке сілтеме жасап.

АҚШ тарапынан Пәкістанға президенттің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен кеңесші Джаред Кушнер бара жатыр. Ақ үй бұл кездесуден «оң нәтиже» күтетінін мәлімдеді.

Стив пен Джаред Пәкістанға барып, ирандық тараптың ұстанымын тыңдайды. Алға жылжу болады деп үміттенеміз, – деді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролина Ливитт.

Сонымен қатар, бұған дейін Тегеран тікелей америкалық тараппен кездесу жоспарланбағанын айтқан. Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі елдің ұстанымы пәкістандық тарап арқылы жеткізілетінін мәлімдеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп келіссөз жүріп жатқанын растағанымен, егжей-тегжейін ашудан бас тартты.

Бұл туралы айтқым келмейді, бірақ біз қазір билікте отырғандармен жұмыс істеп жатырмыз, – деді ол.

Келіссөздер сегіз аптаға созылған қақтығыс аясында өтіп жатыр. Осы уақыт ішінде тараптар бір-біріне соққы жасаған. АҚШ тарапынан жасалған бомбалаудан кейін Иран Ормуз бұғазын жауып, бұл мұнай мен жанармай бағасының күрт өсуіне әкелді.

Наверх