Ормуз бұғазы: АҚШ пен Иран техникалық келіссөздерді бастады

Келіссөздер өткен айда қабылданған 14 тармақтан тұратын уақытша келісім негізінде өтіп жатыр.

 depositphotos.com Бүгiн 2026, 00:30
Бүгiн 2026, 00:30
128
Фото: depositphotos.com

АҚШ пен Иран Қатар астанасы Дохада Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қалпына келтіру және ұзақ мерзімді бейбіт келісімге қол жеткізу мақсатында жанама техникалық келіссөздерді бастады. Бұл туралы Reuters агенттігі келіссөздер барысымен таныс дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

Келіссөздер өткен айда қабылданған 14 тармақтан тұратын уақытша келісім негізінде өтіп жатыр. Құжат атысты тоқтатуға, Ормуз бұғазындағы теңіз қатынасын қайта жандандыруға және алдағы 60 күн ішінде тұрақты бейбіт келісім әзірлеуге бағытталған.

Дегенмен, тараптар уақытша келісімнің жекелеген тармақтарын әртүрлі түсіндіріп келеді. Соның салдарынан соңғы аптада өзара әскери соққылар жасалып, әсіресе Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселелер бойынша айтарлықтай ілгерілеу байқалмаған.

Иран келіссөздер барысында Ормуз бұғазын бақылау құқығын халықаралық деңгейде мойындатуға және шетелде бұғатталған 6 млрд доллар көлеміндегі активтерін қайтаруға басымдық беріп отыр. Ал АҚШ үшін басты мақсат – бұғаз арқылы халықаралық кемелердің қауіпсіз әрі еркін қозғалысын қамтамасыз ету.

Reuters мәліметінше, Қатар мен Пәкістанның делдалдығымен өтіп жатқан келіссөздерге Иран атынан сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади жетекшілік етеді. Делегация құрамына Сыртқы істер министрлігі, Орталық банк және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері кірген.

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның жоғары байытылған уранды елден шығаруы маңызды мәселе екенін айтып, ядролық қарусыздану үдерісі «дұрыс бағытта жүріп жатқанын» мәлімдеді.

Сонымен қатар, Ормуз бұғазы арқылы кеме қозғалысы біртіндеп қалпына келе бастағанымен, сарапшылар оның әлі де тұрақсыз әрі толық қалыпқа келмегенін атап өтуде.

Келіссөздер аясында Ливандағы жағдай да талқыланып жатыр. АҚШ өңірдегі шиеленісті төмендетуге бағытталған дипломатиялық күш-жігерін жалғастырып, Израиль мен Ливан арасындағы келіссөздерге қолдау көрсетуде.

Наверх