Қазақстанның соңғы жаңалықтары

АҚШ пен Еуропа Украина үшін қауіпсіздік кепілдіктерін әзірлеуді аяқтады

21 Тамыз 2025, 23:29
435
Бөлісу:
 pexels
Фото: pexels

АҚШ пен бірқатар еуропалық мемлекеттердің әскери ведомстволары Украинаға арналған қауіпсіздік кепілдіктерінің бірнеше нұсқасын әзірлеуді аяқтады. Нұсқалар енді әр елдің ұлттық қауіпсіздік кеңесшілеріне қарауға ұсынылады, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

21 тамызда Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамп Украина басшысы Владимир Зеленскиймен және еуропалық елдердің көшбасшыларымен кездесті. Жиында Трамп Киевке ұсынылатын қауіпсіздік кепілдіктері НАТО-ның ұжымдық қорғаныс тетігімен теңестірілмейтінін атап өтті. Сондай-ақ ол өзінің президенттігі кезінде Украина аумағында америкалық әскер орналаспайтынын мәлімдеді.

Bloomberg дерегінше, қарастырылып отырған кепілдіктер көпұлтты күштерді қамтитын "тілек білдірушілер коалициясының" жұмысына негізделуі мүмкін. АҚШ тарапы Киевке тікелей әскер жібермесе де, әуе қолдауын қарастыруы ықтимал. Бұл ракеталық қорғаныс жүйелері мен атқылауды болдырмау аймағын қамтуы мүмкін.

Вашингтонда вице-президент Дж. Д. Вэнс Еуропа бұл кепілдіктердің негізгі ауыртпалығын өз мойнына алуы тиіс екенін айтты.

Біз әскери құрам бөлікті қамтитын нақты кепілдіктерге мүдделіміз. 1994 жылғы Будапешт меморандумының қателігін қайталамауымыз керек, – деді Украина президентінің кеңесшісі Андрей Ермак.

Осылайша, Батыс елдері Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беру тетіктерін нақтылау үстінде. Келіссөздердің басты мақсаты – Киевтің қорғаныс қабілетін күшейтіп, елді болашақта жаңа қауіп-қатерлерден қорғаудың сенімді жүйесін құру.

Өзгелердің жаңалығы