АҚШ билігі өз азаматтарын Венесуэладан «дереу» кетуге және бұл елге сапарлаудан бас тартуға үндеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
АҚШ-тың Каракастағы елшілігі таратқан мәлімдемеде Венесуэлада "қауіпсіздік жағдайы әлі де тұрақсыз" екені көрсетілген.
Хабарламада халықаралық әуе рейстері қайта жандана бастағандықтан, Венесуэлада жүрген АҚШ азаматтарына елден мүмкіндігінше тезірек шығу ұсынылатыны айтылған. Ескертуде қарулы топтардың белсенділігі мен шұғыл консулдық көмектің шектеулі болуы секілді қауіптерге ерекше назар аударылған. Сондай-ақ америкалықтарға жаңартылған ақпаратты қадағалап, STEP сапарларды тіркеу жүйесін пайдалану кеңес етіледі.
АҚШ азаматтығын немесе Америка Құрама Штаттарын қолдағанын анықтау мақсатында көліктерді тоқтатып, тексеріп қарулы жасақтар туралы мәліметтер түсіп жатыр. Венесуэлада жүрген АҚШ азаматтары автокөлікпен жүрген кезде барынша сақ әрі қырағы болуға тиіс, — деп ескертті елшілік.
Венесуэланың сыртқы істер министрі Иван Хиль америкалық X әлеуметтік желісіндегі жазбасында АҚШ-тың қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылығын «негізсіз тұжырымдар» деп атап, елде «тыныштық пен тұрақтылық сақталып отырғанын» мәлімдеді.
АҚШ-тың Каракастың Барута ауданындағы елшілігі 2019 жылдан бері жабық тұр. Сол жылы екі ел дипломатиялық қарым-қатынасты тоқтатқан болатын.
9 қаңтарда АҚШ Мемлекеттік департаментінің делегациясы 2019 жылы жабылған елшіліктің жұмысын қайта жандандыру мүмкіндігін бағалау үшін Каракасқа барғаны белгілі болды. Ал келесі күні Венесуэла үкіметі АҚШ-пен дипломатиялық қатынастарды қалпына келтіру үшін диалог арналары қайта ашылғанын мәлімдеді.