АҚШ-қа сапары аясында Қазақстан Республикасы Президентінің АҚШ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі Арнайы өкілі Ержан Қазыхан мен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен кездесті.
Кездесу барысында Ержан Қазыхан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ Президенті Дональд Трампқа жолдаған сәлемін жеткізіп, Қазақстан-Америка қатынастарының қарқынды дамуын, орнықты саяси диалогты және іс жүзіндегі өзара іс-қимылдың кеңейіп келе жатқанын атап өтті.
2025 жылғы қарашада Ақ үйдің кеңсесінде өткен екі ел көшбасшыларының кездесуі қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың маңыздылығы, оның ішінде жалпы көлемі шамамен 20 млрд АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобаларды іске асыру ерекше атап өтілді.
Арнайы өкіл еліміздің бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық күш-жігерді қолдауға қосқан үлесін, соның ішінде Бейбітшілік кеңесі шеңберіндегі қызметті қолдайтынын атап өтіп, сондай-ақ Авраам келісімдерін іске асырудың өңірлік және жаһандық тұрақтылықты нығайтудың маңызды факторларының бірі ретіндегі маңызын растады, - деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі.
Америка тарапы Қазақстанда жүргізіліп жатқан мемлекеттік жүйені жаңғыртуға, билік институттарының тиімділігін арттыруға және заң үстемдігін нығайтуға бағытталған ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы хабардар етілді.
Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады. Іскерлік байланыстарды жандандыру және бірлескен жобаларды іске асыру Кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына бөлек тоқталды.
Ержан Қазыхан Мемлекеттік хатшыны Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыруды растады.
Өз кезегінде, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі деңгейіне жоғары баға беріп, оны одан әрі тереңдетуге дайын екенін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар диалогты жалғастыруға және екіжақты күн тәртібінің барлық бағыттары бойынша Қазақстан-Америка ынтымақтастығын нығайтуға келісті.