Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. АҚШ Мемлекеттік хатшысының азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары жөніндегі орынбасары Узра Зея қаңтар оқиғасы бойынша жүргізіліп жатқан тергеу барысына қатысты ойымен бөлісті.
Біз Қазақстанда болған оқиғаларға қатты алаңдадық. Үкіметтің осы оқиғаларға қатысқандардың барлығын анықтап, жауапқа тартуға қатысты жауабын қолдаймыз. Бірақ, сонымен қатар мұның барлығы заң аясында болуы тиіс. Қазақстанда адам құқықтарының ілгерілеуіне қолдау білдіреміз. Менің ойымша, бұл қаңтар оқиғаларынан кейін барынша өзекті бола түсті, - деді ол бүгін еліміздің Сыртқы істер министрлігінде өткен кездесуден кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Сондай-ақ Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин де аталған мәселеге қатысты пікір білдірді.
Бүгінгі сессиямыздың ең бірінші тақырыбы қаңтар оқиғаларына қатысты болды. Оған тек қана СІМ ғана емес, сонымен бірге құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Бірінші кезекте Бас прокуратура өкілдері тергеу барысы жайлы егжей-тегжейлі жауап беріп, осы бағытта мемлекет қабылдаған іс-шаралар жайында айтты. Диалог жалғасып жатыр. Меніңше, америкалық тарап осы бағыттағы өзара іс-қимылымызға қанағаттанды, - деді Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары.