Қазақстанның соңғы жаңалықтары

АҚШ Камбоджа шекарасындағы жағдайға байланысты Таиландпен сауда келіссөздерін тоқтатты

16 Қараша 2025, 08:29
316
Бөлісу:
 EFE/EPA/MOHD RASFAN / POOL
Фото: EFE/EPA/MOHD RASFAN / POOL

АҚШ Камбоджа шекарасындағы шиеленістің ушығуына байланысты Таиландпен сауда келісімі жөніндегі келіссөздерді уақытша тоқтатты, деп хабарлайды BAQ.KZ EFE агенттігіне сілтеме жасап.

Вашингтонның шешімі Таиландтың осы аптада Камбоджамен қазан айында АҚШ президенті Дональд Трамптың делдалдығымен жасалған бейбіт келісімнің шарттарын тоқтатуы себебінен қабылданған.

Таиланд СІМ-нің мәлімдеуінше, АҚШ келіссөздерді Таиланд бейбіт келісім талаптарын қайта сақтағанға дейін уақытша тоқтататынын ресми түрде хабарлаған. Құжатта тараптардың жағдайды "мүмкіндігінше тез арада" реттей алады деген үміт те білдірілген.

Бангкок АҚШ-тың шешіміне өкініш білдіріп, қауіпсіздік мәселелерін сауда мен экономикалық ынтымақтастықтан бөлек қарастыру қажет екенін атап өтті.

Дағдарыс дүйсенбіде Таиланд сарбазы шекара маңында мина жарылысынан жараланғаннан кейін қайта ушықты. Таиланд минаның жақында қойылғанын айтса, Камбоджа бұл бұрынғы қақтығыстардан қалған ескі мина екенін мәлімдеді. Бұған дейін шекарада атыс болып, бір адам қаза тауып, Камбоджа жағынан үш адам жараланған.

Еске салайық, шекарадағы қарулы қақтығыстар 24 шілдеде басталған. 28 шілдеде Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрахим тараптарды бітімге келтірген. Кейін қазанда Малайзияда өткен ASEAN саммиті аясында Камбоджа мен Таиланд АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен бейбіт келісімге қол қойған еді.

Өзгелердің жаңалығы