АҚШ Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи және Ислам Республикасының басқа да жоғары лауазымды тұлғалары туралы ақпарат бергендерге 10 миллион долларға дейін сыйақы беруге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы BAQ.KZ РИА Новости дерегіне сілтеме жасап хабарлайды.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми сайтында жарияланған мәлімдемеге сәйкес, АҚШ Мемлекеттік департаменті жүзеге асыратын Rewards for Justice бағдарламасы аясында Ислам революциясы сақшылар корпусы басшылары мен оған қарасты құрылымдар туралы мәлімет бергендерге сыйақы ұсынылады.
Іздеуде жүрген тұлғалар тізіміне мыналар да енгізілген:
Иран Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Али Лариджани;
Жоғарғы көшбасшы әкімшілігі басшысының қауіпсіздік жөніндегі орынбасары Али Асгар Хеджази;
Әскери кеңесші Яхья Рахим Сафави;
Ішкі істер министрі Эскандар Момени;
Барлау министрі Исмаил Хатиб.
Еске сала кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иран аумағындағы нысандарға, соның ішінде Тегеран қаласына соққы бере бастады. Бұл шабуылдар салдарынан ғимараттар қирап, бейбіт тұрғындар арасында құрбандар болды.
Өз кезегінде Иран Израиль аумағына және Таяу Шығыстағы АҚШ әскери нысандарына жауап соққыларын жасауда.