Ресейдің тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев Вашингтондағы келіссөздердің қорытындысын туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.
Оның айтуынша, АҚШ Ресейдің ұстанымын “тыңдайды” және диалог орнатуға ниетті.
Ол нақты кіммен кездескенін ашып айтпады. Бейресми түрде Дмитриевтің Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткоффпен кездескені хабарланған.
NBC News деректеріне сүйенсек, РФТИ басшысы Ақ үйде Трамп әкімшілігінің өкілдерімен және республикалық заң шығарушылармен кездескен. Сондай-ақ, кездесуді Трамптың өзі ұйымдастырғаны және оған сенаторлар Линдси Грэм мен Маркуэйн Маллин қатысқаны хабарланды.
Дмитриев пен сенаторлар Украинадағы соғысты тоқтату мүмкіндігін және Ресей президенті Владимир Путиннің бітім шарттарына қойған талаптарын талқылады.
Біз өте анық көріп отырмыз: президент Трамптың әкімшілігі, 46-шы президент Джо Байденнің әкімшілігінен айырмашылығы, мәселелерді шешуге бейім. Олар өте құрметпен қарайды, Ресейдің ұстанымын түсінеді, көп сұрақ қояды, ымыраға келуге тырысады. Бұл – конструктивті рухтың көрінісі, – деді Дмитриев журналистерге.
Оның айтуынша, ресейлік-америкалық қарым-қатынасты қалпына келтіру келіссөздердегі басты тақырыптардың бірі болған.
Президент Трамптың әкімшілігі ресей-америкалық қарым-қатынастардың барлық аясын шешуге бағытталған. Олар геосаяси мәселелерді шешуге де мүдделі және Ресейдің көптеген ұстанымын тыңдауға дайын, – деп толықтырды ол.
Дмитриев сондай-ақ, Ресей мен АҚШ арасындағы тікелей әуе қатынасын қалпына келтіру мүмкіндігін де атап өтті. Бұл қатынас COVID пандемиясының басында тоқтап, Украинаға Ресей басып кіргеннен бері қайта ашылмаған.
Шын мәнінде, тікелей әуе қатынасын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр, біз бұл мәселе бойынша алға жылжи аламыз деп үміттенеміз, – деді РФТИ басшысы.
Кездесулерде сондай-ақ, Арктикадағы ынтымақтастық пен сирек кездесетін металдарды өндіру мәселелері де талқыланған, бұл бұрын Кремль мен Трамп әкімшілігінің байланыстары аясында да айтылған болатын.
Біздің барлық келіспеушілігімізді шешу үшін әлі де бірнеше кездесу қажет болады, – деді Ресей президентінің өкілі.
Кирилл Дмитриев Украинадағы соғыс басталғалы бері Вашингтонға барған ең жоғары лауазымды ресейлік шенеунік болды.