Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде Қазақстан халқы ассамблеясы жанынан Ақсақалдар кеңесі құрылған болатын. Бүгінде олар әр облыс, аудан мен ауылдарда жұмыс істеп жатыр. Бұл кеңестердің атқаратын қызметі қандай? BAQ.KZ тілшісі осы сұраққа жауап іздеп көрді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің басты міндеті – өз елі мен отбасы алдында жауапкершілігі жоғары және жан-жақты жетілген тұлға тәрбиелеуге жәрдемдесу. Сондай-ақ кеңес мемлекеттік органдарға, азаматтық қоғам институттарына қазақстандық бірегейлікті нығайтуға, азаматтарды қоғамдық келісім мен бірлік құндылықтары төңірегінде шоғырландыруға жәрдемдесу, жастар арасында патриотизм идеяларын ілгерілету және патриоттық тәрбие беру, мемлекеттік органдарға әлеуметтік және тұрмыстық жанжалдардың алдын алуға, оларды шешуге, сондай-ақ оларды жанжалдан кейінгі реттеуге жәрдемдесу, халық арасында қоғамдық келісімді қамтамасыз ету мәселелерінде білім мен тәжірибемен бөлісумен айналысады.
Ақсақалдар кеңесі осыншама шаруаны ойдағыдай атқарып жүр ме? Бұл сауалды 87 этнос өкілі тұратын Жамбыл облысы ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан мырзаға қойдық. Төрағаның айтуынша, қазір Әулие ата өңіріндегі кеңесте 221 адам бар. Оның ішінде облыстық кеңес құрамы - 31, 64 аудандық және 126 ақсақал ауылдық жерлерде жұмыс жүргізеді.
Кеңестердің құрамы ақсақалдардан, қоғамдық, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдардың беделді өкілдерінен, сондай-ақ қоғамдық пікірдің басқа да көшбасшыларынан құрылыпты.
Ақсақалдар кеңесі 2024 жылдың 12 айында облыстық, аудандық және ауылдық деңгейде 586 шара өткізді. 30 мыңға жуық адам қамтылды. Маңызды шараның бірі - "Достық керуені" жобасы. Барлық аудандар мен қалаларды аралап, халықпен кездестік. Этносаралық саладағы тәуекелдердің алдын алу үшін жастармен, ауыл халқымен, түрлі ұлт өкілдерімен диалог құрдық. Жай ғана әңгіме айтып, жиын өткізіп қайтпадық, медиация кеңестерінің отырыстары ұйымдастырылып, этносаралық қатынасты нығайту, араздық тілін тудырмау, тұрмыстық кикілжіңдердің алдын алу, радикалды діни ағымдардың ықпалына ермеу, оқушылардың бірыңғай мектеп формасын сақтау, отбасылық тәрбие, нәсілдік, әскерге бару, тілдік, этносаралық алауыздықты тудыратын жалған ақпарат таратуға жол бермеу жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргіздік – дейді Асқарбек Сейілхан.
Аймақта Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің бастамасымен "Адал азамат" арнайы жобасын іске асырылып келеді екен. Жоба аясында этностарды қоғамдық өмірге интеграциялау, этнос өкілдерінің әскерге баруы, аудандағы медиация жұмысын жүйелі жүргізу және ақсақалдар институтының жастармен жұмысын жандандыру, жастар арасындағы діни радикализм, мектепте оқушыларының хиджап киюі, этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді үйрету бағытындағы іс- шараларды күшейту, қазақ тілін үйрету бойынша үйірмелер санын арттыру, той, жиын басқа да отбасылық мерекелерде ысырапшылдыққа жол бермеу мәселелері көтерген.
Асқарбек Сейілхан - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, Қазақстанның құрметті журналисі, Тараз мемлекеттік университетінің құрметті профессоры. Ол қоғамды құрушы жастардың мәдени құндылықтарын көтеру мақсатында өскелең ұрпақты театрға тарту мәселесін үнемі көтеріп келеді .
Осы мақсатта Тараздағы "Қоғамдық келісім" мекемесі жанынан этнос жастарының "Достық" театры құрылыпты. Былтырғы жылы Театрлар фестивалінде 1-орын алған ұжым, биыл М.Мағауиннің "Бір атаның балалары" шығармасынан үзінді сахналап, жұртшылыққа ұсынған.
Былтыр Ақсақалдар кеңесі Қордай ауданының өзге ұлт өкілдері тығыз шоғырланған Қарасу, Ауқатты, Сортөбе, Масаншы, Қаракемер, Қарасай және Қордай ауылдық округтерінде қазақ тілінің қолданылуы, мектептерде қазақ тілінде оқытылатын сыныптардың ашылу барысын, этнос өкілдерінің әскерге шақыру, тілдік-нәсілдік кемсітушілікке жол бермеу мәселелерін талқылау бойынша отырыстар өткіздік. Әр отырыста қаралған мәселелер хаттама негізінде бекітіліп, тиісті мекеме басшыларына ұсыныс негізінде жолданып отырады. Хаттамалардың орындалуы аудан әкімінің қатаң бақылауына тапсырылды – дейді Ақсақалдар кеңесінің төрағасы.
Облыстың әр ауданында "Әскери міндет-парызың", "Құқық бұзушылық және жасөспірім", "Оқушы балалар арасындағы қылмыстық іс-әрекеттерді болдырмау және алдын алу", "Біз өз әрекеттеріміз үшін жауаптымыз" , "Дәстүрлі емес діни ағымдардан қалай сақтанамыз?" тақырыптарындағы шаралар өткізілді.
Жамбылдағы Ақсақалдар кеңесі биылғы жылға да біраз шаруаны жоспарлап қойыпты. Аналар кеңестерімен бірлесіп, Бес әлеуметтік кеселдің алдын алуға және мақсатты аудитория үшін "Салауатты сана" құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған тақырыптық дәрістер, тәрбие сағаттары мен тренингтер өткізу жоспарлануда. Жастарды әскерге шығарып салу рәсімінде, мектептің алғашқы және соңғы қоңырауына қатысып, оқушыларға "Ақ бата" беруді ұйымдастыру жоспарға еңгізілді.
"Жұмысшы мамандықтар жылы" аясында Ақсақалдар кеңесінің "КӘСІПday" жобасы жасалды. Жоба аясында этнос жастарымен өңірдегі түрлі кәсіпорындар мен өндіріс орындарымен таныстыру, тәжірибеден өткізу, кездесулер ұйымдастыру көзделуде.
Бұл шаралар өз алдына, біздің ең басты мақсат – өңірді мекен ететін барлық этнос өкілдерінің тату-тәтті, бірлік пен ынтымақта күн кешуі. Жастардың тәрбиесі, кейінгі ұрпақтың саналы, көзі ашық азамат боп өсуіне көп еңбек етуіміз қажет. Біз бұл жолда бар білгенімізді үйретуге бар күшімізді саламыз – дейді Жамбыл облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы.