Ақпан айының қорытындысы бойынша Қазақстанның валюта нарығында USD/KZT жұбының орташа айлық бағамы шамамен 496 теңге деңгейінде қалыптасты. Енді нарық қатысушыларының назары наурыз айына ауып отыр. Себебі дәл осы кезеңде бюджет операциялары мен салықтық төлемдердің белсенді фазасы басталады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық экономикалық бюросы зерттеу жүргізді.
Қысқа мерзімді перспективада теңгенің қозғалысына көбіне нарықтағы жалпы күтулер емес, нақты қаржылық операциялар әсер етеді. Яғни белгілі бір апталарда валютаның бағамын күнтізбелік төлемдер, импорттық есеп айырысулар немесе бюджет трансферттері сияқты факторлар айқындауы мүмкін.
Наурыз айындағы негізгі тенденция қандай болуы мүмкін?
Алдын ала бағалауларға сәйкес, наурызда теңгенің динамикасы біркелкі болмайды. Сарапшылар айдың алғашқы бөлігінде ұлттық валютаның әлсіреу ықтималдығын жоққа шығармайды. Ал ай соңына қарай немесе сәуірдің басында теңге қайта күшеюі мүмкін.
Мұндай траектория екі түрлі фактордың бір уақытта әсер етуімен түсіндіріледі.
Біріншіден, Ұлттық қордан бюджетке валюта сатылымы жүргізіледі. Бұл ішкі нарықта доллар ұсынысын көбейтеді және теңгенің нығаюына ықпал етуі ықтимал. Екіншіден, 2025 жыл бойынша корпоративтік табыс салығын төлеу кезеңі жақындайды. Бұл кезде кәсіпорындар салық міндеттемелерін орындау үшін теңгеге деген сұранысты арттырады, - дейді сарапшылар.
Зерттеуге сүйенсек, Қазақстанның Салық кодексіне сәйкес, компаниялар КТС бойынша декларацияны 31 наурызға дейін тапсыруы тиіс. Ал төлемдер келесі 10 күнтізбелік күн ішінде жүргізіледі. Осыған байланысты наурыздың соңғы апталары мен сәуірдің басында ұлттық валютаға сұраныс күшейуі мүмкін.
Айдың басында теңге бағамының қысқа мерзімді әлсіреуіне ықпал етуі мүмкін бірқатар факторлар бар. Олардың қатарында:
- импорттық келісімшарттар бойынша төлемдер;
- компаниялардың валюталық позицияларын қайта теңгеруі;
- салық кезеңі алдында бизнестің қаржылық сақтық стратегиясы.
Алайда салықтық төлемдер мерзімі жақындаған сайын және бюджет қажеттілігі үшін валютаның сатылуы аясында теңгенің қайта нығаю ықтималдығы арта түседі.
Сценарийлік болжам: негізгі деңгей – шамамен 496,9 теңге
2026 жылғы 2 наурыздағы есептік деректерге сүйенсек, айлық орташа айырбас бағамы шамамен 499,2 теңге деңгейінде бағаланып отыр.
Осы көрсеткіш негізінде бірнеше ықтимал сценарий қарастырылған:
Оптимистік сценарий:
1 доллар – шамамен 479,5 теңге
ықтимал ауытқу – 19,8 теңге
салыстырмалы өзгеріс – 4,1%
Базалық сценарий:
1 доллар – 496,9 теңге
ауытқу – 2,3 теңге
салыстырмалы өзгеріс – 0,5%
Пессимистік сценарий:
1 доллар – 514,4 теңге
ықтимал өзгеріс – 15,2 теңге
салыстырмалы ауытқу – 2,9%.
Оптимистік сценарий салық кезеңі мен бюджет операциялары теңгені күштірек қолдайтын жағдайда іске асуы мүмкін. Ал пессимистік нұсқа сыртқы нарықтағы тәуекелдер немесе валютаға ішкі сұраныстың күшеюі жағдайында орын алуы ықтимал.
Мұнай бағасының ықпалы
Қазақстан экономикасы үшін мұнай бағасы ұлттық валютаның динамикасына әсер ететін негізгі сыртқы факторлардың бірі болып қала береді.
Қазіргі геосаяси жағдайда Таяу Шығыстағы шиеленістер әлемдік энергетикалық нарықтағы белгісіздікті күшейтіп отыр. Бұл фактор мұнай бағасының салыстырмалы түрде жоғары деңгейде сақталуына ықпал етуі мүмкін.
Егер мұнай баррелінің бағасы шамамен 100 доллар деңгейінде тұрақтаса, Қазақстанның төлем балансында ағымдағы шоттың оң сальдосы қалыптасуы ықтимал. Мұндай жағдай теңгенің тұрақтылығын қолдайтын қосымша факторға айналуы мүмкін, - дейді сарапшылар.
Ұлттық экономикалық бюро сарапшыларының сөзінше, мұнай бағасының әсері бірден және тікелей байқалмайды. Бірақ орта мерзімді кезеңде ол ұлттық валютаның әлсіреуін тежейтін маңызды макроэкономикалық алғышарттардың бірі саналады.