Ақпанда өтетін Сенат отырысының күн тәртібі бекітілді

29 Қаңтар 2024, 15:50
473
Бөлісу:
Ақпанда өтетін Сенат отырысының күн тәртібі бекітілді
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Палата Бюросының отырысын өткізді. Онда депутаттар 1 ақпан күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алдағы бейсенбіде сенаторлар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарайды.

Аталған заңның нормаларына сәйкес Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасындағы өткізу пункттерін жайластыруды және материалдық-техникалық жарақтандыруды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерін орындау мерзімін 108 айға дейін ұзарту ұсынылады.

Сонымен қатар Палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралады. Бұл құжат осы салалардағы заңнаманы жетілдіруді көздейді.

Мәселен, заңда мектеп, балабақша және аурухана құрылыстары есепке алынбаған жағдайда көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын шектеу нормасы қарастырылған.

Сондай-ақ Бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заңдар Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.

Өзгелердің жаңалығы