Ақмоланың әр ауданында азық-түлік бағасын бақылайтын мониторинг тобы жұмыс істейді

5 Ақпан 2022, 16:19
1552
Бөлісу:
Ақмоланың әр ауданында азық-түлік бағасын бақылайтын мониторинг тобы жұмыс істейді

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында халық көп тұтынаты азық-түлік бағасына бақылау күшейтілді. Облыс орталығы мен аудандарда бірнеше мониторинг тобы жұмыс істеуде.

Бұл туралы облыстың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған жиында айтылды.

Өткен жылы бағаны тұрақтандыруға облыстық бюджеттен миллиардтан астам теңге жұмсалған. Тауар өндірушілермен және сауда объектілерімен мыңға жуық келісім жасалды, облыс тұрғындары үшін 350-ден астам жәрмеңке өткізілді. Ағымдағы жылы әлеуметтік маңызы бар тауарларды белгіленген төмендетілген бағамен сату үшін айналым схемасына тағы 400 млн теңге қарастырылған.

Елорданың азық-түлік белдеуін дамыту аясында облыста 45 жоба іске асырылды. 12 ет және 11 сүт-тауар фермасы құрылды, 3 бордақылау алаңы, 1 құс фабрикасы, 13 астық және көкөніс қоймалары ашылды.

Өңірде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыру көрсеткіштері бірдей емес. Көкшетау қаласы, Есіл, Жарқайың, Астрахан, Жақсы, Аршалы, Бурайбай және Целиноград аудандары жоспарлы көрсеткіштерді асыра орындаса, Ерейментау, Сандықтау, Қорғалжын, Егіндікөл аудандарында және Степногор қаласында бірде-бір жоба іске асырылмаған. Сала мамандары бұл жұмысты жандандыруы тиіс, – деді облыс басшысы Ермек Маржықпаев.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаевтың айтуынша, өткен жылы облыс ауыл шаруашылығынан басқа, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің басым бөлігі бойынша оң динамиканы көрсетті. 

Облыстағы ірі қара мал саны 0,2%-ға төмендеді. Жалпы, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің нақты көлем индексі 88,9%-ды құрады. Әрине, бұл көрсеткішке құрғақшылық әсер етті. Алайда ауа райы Қазақстанның басқа өңірлерінде де шаруаларға оңай тиген жоқ. Өсімдік шаруашылығы саласындағы қиын жағдайға қарамастан, табын малды сақтап қана қоймай, көбейтуге де қол жеткізілді, – деді Қанат Дүзелбаев. 

Оның келтірген деректері бойынша, 2020 жылдың желтоқсан айынан бастап өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына инфляция деңгейі 100%-ды құрады. Азық-түліктің негізгі 19 түріне бағаның өсуі барлық өңірлерде байқалады.

Өңірде делдалдар тізбегін болдырмай азық-түлікті сауда желілеріне тікелей жеткізу жолға қойылуда. Жергілікті тұрақтандыру қорлары толықтырылды. 1,6 млрд теңге «айналым тетігі» шеңберінде өңірде бағаны тұрақтандыруға жеңілдікті кредиттер түрінде бағытталды. Бұл қаражатқа азық-түлік тоғыз негізгі позиция бойынша сатып алынады. Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорына 3 мың тоннадан астам тауар келіп түсті. 

Облыс басшысы соңғы уақытта кейбір атаулардың құны айтарлықтай өскенін атап өтті. Ол тиісті органдарға азық-түлік бағасының негізсіз өсуін шешуді тапсырды.

 Біз азық-түліктің, көкөніс бағасының қымбаттағанын көріп отырмыз, халықтан шағым көп түсіп жатыр. Осы ретте, бағаны реттеу бойынша комиссиялар жұмыс істеуі тиіс. Бағаның негізсіз көтерілуін бақылау, азық-түлік саудасына алыпсатарлардың қатысуын барынша азайту қажет. Сонымен қатар, жергілікті өнім өндіру және ілгерілету бойынша жұмыс күшейтілуі тиіс, – деп атап өтті Ермек Маржықпаев.

Облыста сауда үстемесінің 15% - дан асып кету фактілерін анықтау мақсатында азық-түлік бағасына күн сайын мониторинг жүргізіледі. Заң бұзғандарға ескерту түріндегі жауапкершілік шаралары қолданылады, айыппұл санкциялары көзделген. Талдау мен мониторингті Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған әкімдік жанындағы комиссия жүзеге асырады, оған кәсіпорын басшылары да  қатысады. Нәтижесінде сауда желілеріне тауарларды тікелей жеткізу жолға қойылуда.

Негізгі бақылау облыс орталығы-Көкшетау қаласында жүргізіледі. Айта кету керек, осындай мониторинг пен бағаны тұрақтандыру қызметі аудандық әкімдіктерде де жұмыс істейді.

Өзгелердің жаңалығы