Ақмолалық іскер әйелдер сайлауға белсенді қатысуға шақырды

28 Сәуір 2019, 10:05
2433
Бөлісу:
Ақмолалық іскер әйелдер сайлауға белсенді қатысуға шақырды
Фото: автордан

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетаудағы «Қоғамдық келісім» үйінде өткен дөңгелек үстел барысында ақмолалық іскер әйелдер «Nur Otan» партиясының атынан Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдайтындарын мәлімдеп, көпшілікті сайлауға белсенді қатысуға шақырды.

Еркін форматта өткен шарада қатысушылар алда өтетін президенттік сайлауға қатысты пікірлерімен бөлісті.

«Іскер әйелдер ассоциациясы нәзік жандыларды кәсіпкерлікке тартып, саяси белсенділігінің артуына зор үлес қосып келеді. Тарихи маңызы зор оқиға алдында өткізіліп отырған шараға «JasKanattar» жастар қанатының өкілдері де қатысып отыр. Шараның мақсаты – жұртшылықты сайлауға бір адамдай жұмыла қатысуға шақыру», - дейді «Ақмола облысының іскер әйелдер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дәмелі Қойшина.

«Көкшетау автобус паркі» ЖШС бас директоры, қалалық мәслихат депутаты Әсия Шәрімова өтпелі кезеңнің қиын тұсында мемлекет қолдауының арқасында кәсіпорынды аяғынан тік тұрғызуға мүмкіндік туғанын алға тартты.

«1946 жылы негізі қаланған кәсіпорынды жиырма жылдан бері басқарып келемін. Басшылық қызметке кіріскен уақыттан бастап техника тілін бүге-шүгесіне дейін жетік меңгеруге тырыстым. Ұжымда 240 адам жұмыс істейді. Тоқсаныншы жылдары күрделі кезеңді бастан өткердік. Жергілікті атқарушы органның қолдауымен тығырықтан шығып, ойға алған жоспарларымызды жүзеге асыра бастадық. Осы жылдар ішінде автобустар саны көбейтілді, тұрғындарға қызмет көрсету сапасы жақсарды. Халықаралық дәрежедегі автобустарымыз «Көкшетау-Омбы» бағытында қатынай бастады. Цифрландыру аясындағы жаңашылдықтарды алғашқылардың бірі болып қолға алудамыз. Елімізде еңбектенгісі келген жандарға мүмкіндік мол. Ұлт көшбасшысының бастамасымен қолға алынған бағдарламалар табысты жүзеге асырылуда. Алда өтетін саяси оқиға еліміз үшін маңызды тарихи оқиға. Еліміздің жетекші саяси партиясы ұсынған үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке лайықты тұлға деп есептеймін. Көпшілікті сайлауға белсене қатысуға шақырамын!» - дейді Әсия Шәрімова.

Ақмола облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы іскер әйелдер кеңесінің жетекшісі Гүлмира Құсайын мемлекеттік бағдарламалар арқылы шағын және орта бизнесті қолдауға зор мүмкіндік туып отырғанын атап өтті.

Гуманитарлық-техникалық лицей директоры, Ақмола облысының саясаткер әйелдер клубының мүшесі Наталья Дементьева еліміздің білім беру саласындағы өзгерістер, оқытудың жаңа әдістеріне тоталды.

«Білім саласына еңбек етіп келе жатқаныма – 17 жыл. Ең алғаш білім ордасында мұғалім болып еңбек жолымды бастаған сәттен бастап тынбай еңбектенудің арқасында бірқатар жетістіктерге қол жеткіздім. Бір кездері өзім білім алған лицейді үш жылдан бері басқарып келемін. Осы жылдары Тұңғыш Президентпен бес мәрте кездесу бақытына ие болдым. Бұл өмірімдегі ең бір ұмытылмас кезеңдер деп есептеймін. Ол кісімен әр дидарласқан адам оның ерекше әсерін сезінеді екен. Сондай кездесулерде Елбасының білім саласын бірінші орынға қоятынына көз жеткіздім. Саладағы оң өзгерістер алдымыздан көз ілеспес жылдамдықпен өтуде. Ұстаздар қауымы сол жаңашылдықтарды оқушылармен бірге танып-білуде, үлкен ізденіс үстінде. Алда өтетін кезектен тыс президенттік сайлау ел мүддесі үшін өте маңызды, жауапты шешім. Қазіргідей аумалы-төкпелі уақытта осы кезге дейін қол жеткізген бірлігіміз бен тыныштығымызды сақтап, Ұлт көшбасшысы салып берген сара жолдан айнымай, дамыған елдердің қатарынан көрінуіміз қажет. Осы ретте президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасының саясатын жалғастыратынына, еліміздің жарқын болашағын қамтамасыз ете алатынына кәміл сенемін», - дейді Наталья Дементьева.

Өзгелердің жаңалығы