Ақмола облысы Полиция департаментінің Instagram-дағы ресми парақшасына Көкшетау қаласының тұрғынынан полиция қызметкеріне алғыс білдірілген хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға 2026 жылғы 6 қаңтардан 7 қаңтарға қараған түні болған. Көкшетаудан Төңкеріс ауылына жолға шыққан автокөлік қатты көктайғақ салдарынан Новокубанновка ауылы маңында жолдан шығып кеткен. Жолаушылар өз бетімен көлікті шығара алмай, 112 нөміріне хабарласқан.
Шақыртуға учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Жасұлан Қырықбаев жедел жеткен. Қараңғы уақыт пен ауа райының қолайсыздығына байланысты көлікті түнде эвакуациялау мүмкін болмаған.
Полиция қызметкері ең алдымен адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, екі әйелді қызметтік көлікпен Төңкеріс ауылына жеткізген. Ал жүргізушіні уақытша өз үйіне орналастырған. Таңертең жергілікті атқарушы органдар мен ауыл тұрғындарының көмегімен көлік жолдан шығарылды.
Кейін жүргізуші Қайрат Мусин полиция қызметкеріне және ауыл тұрғындарына көрсеткен жедел көмегі мен адамгершілігі үшін алғыс білдірді.
Полиция өкілінің айтуынша, басты мақсат – қиын жағдайда қалған азаматтарға дер кезінде көмек көрсету.