Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көкшетау қаласында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев облыстық Полиция департаментінің жаңа бастығын таныстырды.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Президент Әкімшілігінің және облыс әкімінің келісімі бойынша Ақмола облысының Полиция департаментінің бастығы лауазымына полиция генерал-майоры Арманбек Хәкімбекұлы Баймұрзин тағайындалды, - делінген ІІМ хабарламасында.
Полиция генерал-майоры Берік Сұлтанғазыұлы Біләлов лауазымынан босатылды, ол кейінгі қызметін ІІМ-нің орталық аппаратында жалғастырады.
Полиция департаментінің жаңа бастығын жеке құрамға ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев облыс әкімі Ермек Маржықбаевпен бірге таныстырды.
А.Х. Баймұрзин 1974 жылы дүниеге келген.
Ішкі істер органдарында 1992 жылдан бастап қызмет атқаруда. Басшылық лауазымдардағы тәжірибесі мол. Әр жылдары ІІМ-нің Криминалдық полиция комитетінде және Жамбыл облысының Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары болып қызмет етті. 2014 жылдан бастап ІІМ Криминалдық полиция департаментін басқарды.
Министр облыстық полицияның жеке құрамына ішкі істер органдарын жаңғыртудың барысы және қылмысқа қарсы күрес, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі қамтамасыз ету жөнінде ел президенті басшысы белгілеген міндеттер туралы айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев полицияның алдына нақты міндеттер қойды. Ол міндеттер полиция қызметінің азаматтардың мүдделері мен қауіпсіздігіне тікелей қатысты. Бүгінде ішкі істер органдарының жұмысы барша қоғамның жіті назарында,- деді министр Ерлан Тұрғымбаев.