Ақмола облысының мектептерінде инклюзивті қолдау кабинеттері ашылады

9 Тамыз 2022, 11:41
2615
Бөлісу:
Ақмола облысының мектептерінде инклюзивті қолдау кабинеттері ашылады

Балалар жылы аясында «Жайлы мекен» бағыты бойынша Ақмола облысында 23 білім беру нысаны салынуда, деп хабарлайды Ақмола облысының BAQ.KZ тілшісі. 

Көкшетауда еліміз бойынша балаларға оңалту көмегін көрсететін «Қамқор» кешенді орталығы жұмысын бастады. Мұнда медициналық және әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Жылына орта есеппен 650 бала ем алады.

Жыл басынан Степногорск қаласында үш айдан үш жасқа дейінгі балалар кешенді оңалту көмегін алады. Өңірде қаңтар айынан бастап бес жекеменшік мектепке дейінгі ұйым іске қосылды, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов.

Ақмолалық балалар Зеренді ауданындағы «Сұңқар» кешенінде демалып, сауықтыруға мүмкіндік алды. Өткен жылы ол «ҚазМұнайГаз»АҚ-нан коммуналдық меншікке берілген болатын. Жобалық қуаттылығы – 200 орындық. Биыл орталықта шамамен 1400 мың баланың қатысуымен ауысым өткізу жоспарлануда.

Өңірде 13 мектеп, екі қосымша оқу корпусы, жеті балабақша, колледждердің үш жатақханасы, үш денсаулық сақтау нысаны, төрт дене шынықтыру-сауықтыру корпусы бой көтеруде. 39 спорт алаңын жабдықтау жоспарланған.

Білім алуға қолайлы жағдай жасау үшін алты мектеп пайдалануға беріледі: Целиноград, Аршалы аудандарында, Қосшы мен Көкшетауда оқу-тәрбие кешені және Ақкөл қаласындағы №4 орта мектепке қосымша ғимарат. Облыстық және республикалық бюджет қаражатынан 2,4 миллиард теңге сомасына 63 білім беру ұйымында күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілуде, - деп түсіндірді басқарма басшысы.

Облыста 551 мектеп  жоғары жылдамдықты интернетке, 275 мектеп (49 пайызы) Wi-fi желісіне қосылған.

Бүгінгі таңда облыста үш оқушыға бір компьютерден келеді. Мектептерде 45 мыңнан астам компьютерлік техника бар. 205 білім беру ұйымы робототехника кабинеттерімен жабдықталған. Барлық білім ордаларында «тегін IT-сыныптар» жұмыс істейді. Мұнда оқушылар бағдарламалау дағдыларын, қарапайым алгоритмдер, веб-сайттар құруды, компьютерлік ойындар мен анимацияларды әртүрлі бағдарламалау тілдерінде үйренеді. Жоба шағын жинақталған мектептер мен ауылдарда оқитын 3-8 сынып оқушылары үшін озық цифрлық дағдылар мен білімге қол жеткізу мәселесін шешуге мүмкіндік береді,- деп нақтылады облыстың бас педагогы.

Өңірде ерекше білім беру қажеттілігі бар он мыңға жуық бала бар. Оларды қолдау үшін 28 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді, бұл – төрт психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 19 түзету кабинеті, бес арнайы мектеп-интернат.

Биыл инклюзияны қолдау мақсатында 63,3 миллион теңгеге алты жаңа кабинет ашу жоспарланған. Айта кетейік, маусым айынан бастап Жақсы ауданының Жаңа Қима орта мектебі базасында инклюзиялық білім беру кабинеті жұмыс істеуде, – деп толықтырды Бейбіт Жүсіпов.

Естеріңізге сала кетейік, өңірде балалар жылын өткізу жоспары жеті бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа 16,6 миллиард теңге қарастырылған. 

Іс-шаралар білім беру нысандарын салуға, қосымша білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысына, балаларды спортқа және салауатты өмір салтына, шығармашылық дамуға тартуға, әлеуметтік бейімдеу қызметтерін ұйымдастыруға, аутизмі бар және психорекулярлық дамуы тежелген балаларды түзеу арқылы қолдауға, оқушылардың каникулға қала сыртындағы демалысына және басқаларға бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы