Ақмола облысында су тасқынының шарықтау кезеңі қарсаңында алдын алу шаралары күшейтілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жалпы өңірде тасқынға қарсы жұмыстар 163 елді мекен мен 32 жол учаскесін қамтыды. Нәтижесінде 70 елді мекенде су басу қаупі толық жойылып, қалған аумақтарда қауіп деңгейі барынша төмендетілді. Соңғы екі жылда су басу қаупі жоғары аймақтардан 718 отбасы көшірілген.
Азаматтық қорғау қызметтері жоғары дайындық режиміне көшірілді. Қазір тасқынға қарсы жұмыстарға 2,5 мың адам, 1 мыңнан астам техника, 400-ге жуық мотопомпа және 37 жүзу құралы жұмылдырылған. Сонымен қатар қажетті инертті материалдар, құм салынған қаптар мен жанар-жағармай қоры дайындалды.
15 наурыздан бастап тасқынға қарсы штабтар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Қауіпті учаскелерді бақылау үшін 19 дрон қолданылуда.
Қазгидромет мәліметінше, өңірде тасқынның шарықтау кезеңі 30 наурыздан кейін күтіледі. Tasqyn ақпараттық жүйесі жүргізген модельдеу нәтижелері бойынша қауіп аймағына Астрахан ауданы, Атбасар ауданы және Бұланды ауданы елді мекендері кіреді.
Вице-премьер жауапты органдарға қарды тәулік бойы шығару, өзен арналары мен су өткізу құрылыстарын тазарту жұмыстарын жеделдету, уақытша орналастыру пункттерін тексеру, сондай-ақ халықты дер кезінде ақпараттандыруды тапсырды.