Қолайсыз ауа райына байланысты Ақмола облысы аумағында полиция қызметкерлері күшейтілген қызмет режиміне көшіп, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қалың қар мен қатты боран салдарынан көріну қашықтығы төмендеп, республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың жекелеген учаскелерінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілген.
Жолдағы жағдай тұрақталып, қозғалыс қайта ашылғаннан кейін патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көліктерді колоннамен ілесіп жүру жұмыстарын ұйымдастырды.
Жалпы алғанда полиция 12 автоколонна ұйымдастырды. Полицейлердің бақылауымен 2731 көлік жүріп өтті. Оның ішінде 2139 жеңіл автокөлік және 592 жүк көлігі болған.
Полиция жүргізушілерге ауа райы жағдайын ескеріп, жолдағы уақытша шектеулер мен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға кеңес береді.