Ақмола облысында нан бағасына бақылау күшейтілді

18 Сәуір 2022, 13:43
1721
Бөлісу:
Ақмола облысында нан бағасына бақылау күшейтілді

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Еліміз бойынша дәнді дақылдардың төрттен бір бөлігі өсірілетін Ақмола облысында да диірменшілер шикізат құнының өсуіне тап болып отыр. Өңірдің астық нарығындағы жағдайы туралы Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов айтып берді.

Оның сөзінше, Ақмола облысында да бидай тапшылығы байқалуда. Бірақ бұл шикізаттың жоқтығынан емес, сұраныстың артуы, импортпен байланысты.

Өңірде егістік алқаптарының басым бөлігін жеке бизнес өкілдері өңдейді. Тиісінше, бидай бағасы нарықтық жағдайға байланысты қалыптасады. Сұранысқа сай ұсыныс болады. Қазіргі уақытта шаруалар көктемгі егіске дайындалуда. Оларға ауыл шаруашылығы техникасын ретке келтіру, жанар жағар май сатып алу, адамдарды жұмысқа жинау қажет. Әрине, қазіргі уақытта олар өткен жылғы өнімді ішкі нарықта өздері үшін барынша тиімді бағада сатқысы келеді, – деп атап өтті Еркеш Әленов.

Жергілікті диірменшілердің айтуынша, қорда ештеңе қалмағандықтан, ұн тартатын кәсіпорындар белгілі бір мерзімге жұмысын тоқтатуы мүмкін. Ал кәсіпорын жұмысы тұраласа, ауыл тұрғындары жұмыссыз қалуы мүмкін. Диірмендердің уақытша жабылуының өзі мал шаруашылығы үшін жем-азық дайындауда қиындық тудырары сөзсіз. 

Ақмола облысының ұн тарту кәсіпорындарында шикізаттың шектеулі көлемі қалғаны анықталды. Бидайдың бір тоннасы 160-180 мың теңгеге жетуі алаңдаушылық туғызып отыр. Ол тіпті шектеулер енгізілгеннен кейін де сол деңгейде қалуы мүмкін деген қауіп басым.

Қарапайым халық нан мен ұн бағасының қымбаттауына алаңдаулы. Басқарма басышысының орынбасары сендіргендей, мемлекеттік бағдарламалар іске қосылатындықтан, облыс тұрғындарының алаңдауына себеп жоқ. 

Биыл мемлекет «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы Ақмола облысына 11,5 мың тонна бидай бөлді. 550 граммдық формалы нанның бағасы 105 теңгеге белгіленді. Азық-түлік корпорациясымен бөлінген бидай өңірдің 8 ірі ұн тарту кәсіпорындары арасында бөлінеді. Бағдарлама әлеуметтік нан бағасының өсуіне жол бермеуге арналған. Қазіргі уақытта АШМ кейіннен әлеуметтік нан өндіру үшін азық-түлік астығын сату кезінде шығыстарды өтеуді субсидиялау қағидаларын әзірлейді. Бұл тетік Азық-түлік корпорациясының диірмендерге бидайды белгіленген бағалар бойынша жеткізуін көздейді. Бұл-тоннасына 90 мың теңге. Азық-түлік корпорациясының қағидаларына сәйкес, тоннасына 25 мың теңге көлемінде субсидия төленеді. Ұлттық қордан осы мақсаттарға 289,6 млн теңге бөлу жоспарланып отыр, – деді Еркеш Әленов.

Оның айтуынша, аудандық атқарушы органдар белгіленген бағада астық пен ұн алып, бірақ шекті бағамен келіспейтін операторлардың жұмысын қадағалауы тиіс. 

Өңірде нан бағасына бақылау күшейтілгеніне қарамастан, наубайшылардың барлығы әлеуметтік нанға белгіленген 105 теңге бағамен келісе бермейді. Мысалы, Бұланды ауданы мен Біржан сал ауданында наубайшылар әлеуметтік нанды 125-130 теңгеден босатуда. Алайда нан бағасын ұстап тұру мәндетін адал орындап жатқан аудандар да бар. Айталық, Қосшы қаласында, Қорғалжын, Жақсы аудандарында әлеуметтік нан 80-95 теңге аралығында сатылуда. Бұл жерде жергілікті диірменшілер мен наубайшылар нанның құнын бекітілген деңгейде ұстап тұрғанын айту керек, – деп нақтылады Еркеш Әленов.

Қазақстанның астық өңдеушілер одағының деректері бойынша диірмендер астықты жетпегендіктен емес, ұсыныстың жоқтығынан сатып ала алмайды. 15 сәуірден бастап елімізде астық пен ұн экспортына шектеу енгізілді. Бұл ішкі нарықтағы тапшылықты болдырмау және ұн тарту кәсіпорындарын шикізатпен қамту үшін қажет.

 

Өзгелердің жаңалығы