Целиноград ауданы Қоянды ауылының18 жастағы тұрғыны Әділет Оразбекке іздеу жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, Әділет биылғы мамырдың 17-сінде сағат 16:00 шамасында үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған.
Мамырдың 22-сіне дейін анасы өзі іздеп көрген, одан нәтиже болмаған соң полицияға хабарласты. Әйелдің сөзінше, ұлы сол күні сағат 19:00-де ұялы телефонымен қоңырау шалып, жақын арада үйіне келетінін айтқан. Алайда, жігіт сол күйі келмеді. Жоғалған жігіттің орналасқан жерін анықтау мақсатында полиция қызметкерлері іздестіру шараларын қолға алды. Таныстары мен достарынан сұрастырды, - деді ведомстводан.
Жоғалған адамды іздеуге ПД бөлімшелері, Целиноград аудандық ПБ жеке құрамы, сондай-ақ, Астана қалалық ПД қызметкерлері тартылған.
Осы ретте, тәртіп сақшылары Әділет Оразбектің орналасқан жері туралы қандай да бір ақпараты бар немесе білетін адамдар болса, дереу 102 арнайы желісіне қоңырау шалуын сұрайды.