Ақмола облысында полицейлер ер адамды қағып өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні ұстады. Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қайғылы жағдай туралы ақпарат 11 желтоқсанға қараған түні, сағат 00:58-де түскен. Полицияға трасса бойынан ер адамның денесі табылғаны жөнінде хабарлама келіп түскен. Оқиға Астана бағытына шығатын жолда, Көкшетау – Рузаевка автожолында болған.
Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері ер адамның автокөлік қағып кетуінің салдарынан қайтыс болғанын алдын ала анықтады. Жүргізуші жол-көлік оқиғасынан кейін оқиға орнынан қашып кеткен. Жедел іздестіру үшін жоспар жарияланды. Полицейлер жақын маңдағы аумақтарды түгел тексеріп, тұрғын үйлердің аулаларын қарап шыққан.
Іздеу барысында Көкшетаудың патрульдік полициясы үйлердің бірінің ауласынан «Газель» маркалы автокөлікті тапты. Машинада жол-көлік оқиғасына тән механикалық зақымдар болған. Жүргізуші ұсталып, ары қарай тергеу жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізілді.
Қайғылы оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Полицейлер жағдайдың барлық мән-жайын анықтап, күдіктінің кінә деңгейін нақтылауда.
Құқық қорғау органдары жүргізушілерге түнгі уақытта аса мұқият болуды, жылдамдық режимін қатаң сақтауды және жол-көлік оқиғасы болған жағдайда оқиға орнынан қашып кетудің жол берілмейтін әрекет екенін еске салады.
Жаяу жүргіншілерге де жарық шағылыстырғыш элементтерді қолдану және жолды тек белгіленген жерден кесіп өтуді ұсынады.