Ақмола облысында күздік бидайды жинау науқаны басталды. Алғашқы болып Зеренді және тағы бір ауданның диқандары егінге орақ салды. Биыл 650 гектардан астам алқаптан өнім жиналады деп жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz арнасына сілтеме жасап.
Зеренді ауданында гектарынан орта есеппен 30 центнерден астам өнім алынып жатыр. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Ауыл шаруашылығы мамандары бұған ауа райының қолайлы болуы мен заманауи агротехнологиялардың тиімді қолданылуы себеп болғанын айтады.
Күздік бидай алқаптарын алдағы уақытта ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, – дейді жергілікті мамандар.
Сонымен қатар облыс майлы дақылдарды көбейтуге ден қойып отыр. Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпанның айтуынша, биыл майлы дақылдар көлемі екі есеге артып, 495 мың гектарға жеткен.
Мемлекеттік қолдау нәтижесінде егіс науқаны ерте басталды. Диқандарға 230 млрд теңге көлемінде ‘Кең дала’ бағдарламасы арқылы несие берілді, – деді әкім орынбасары.