Ақмола облысында «Ауыл аманаты» жобасын түсіндіру жұмыстары басталды

2 Тамыз 2022, 13:00
2507
Бөлісу:
Ақмола облысында «Ауыл аманаты» жобасын түсіндіру жұмыстары басталды
PHOTO

Өңірде «AMANAT» партиясы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын бастады, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Партияның мобильді тобы он күн бойы өңірдің барлық аудандарында болып, 60-тан аса ауыл тұрғындарымен кездесу жоспарланған. 

Жоба Үкіметтің 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында  қолға алынып отыр. 

Аршалы ауданының  Жібек жолы, Ижев ауылдары мен Аршалы кентінің тұрғындарымен кездескен партияның мобильді тобының мүшелері ауылдықтарға жобаның мақсаты мен міндетін, табыс табудың жолдарын түсіндірді. 

Ақмола облысында «Ауыл аманаты» жобасын түсіндіру жұмыстары басталды

Сарапшы маман  Дмитрий Шледевицтің айтуынша, жоба ауылдықтарға кәсіпті бірлесе кооперация құру арқылы жүргізіп, ауқымды іс бастауға мүмкіндік береді. Бұл бағытта Үкіметтен де қолдау бар. 

«Жеке кәсіппкен айналысып, кооператив құрамын дегендерге 2,5 пайыздық көрсеткішпен жеңілдетілген несие беріледі. Сонымен қатар ауылшаруашылық техникасын алуға лизинг беру қарастырылған. Кооперативтер үшін инвестициялық субсидиялар бөлу тағы бар. Агроөнеркәсіп саласында кәсіби біліктілігі мол мамандардан тегін кеңестер берілдеді. Ал,  әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы кооперативтердің жұмысын үйлестіріп отырады. Бұл да үлкен қолдау. Мәселен, қорадағы малының сүтін тапсырам дейтін кооператив мүшесі оны корпорация арқылы нарық бағасымен сата алады», -деп түсіндірді Дмитрий Шледевиц.

Бұған дейін, «Ауыл аманаты»  жобасы пилоттық режимде Жамбыл облысында алғаш жүргізіліп,  оң нәтиже берген. Жұмыссыздар мен  атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайған. Ауылшаруашығы мен егін шаруашылығын дамытып,  оларды өңдеу, жеткізу,  сату барлығын жүргізіп отырған кәсіпкерлердің саны артты. 

Ақмола облысында «Ауыл аманаты» жобасын түсіндіру жұмыстары басталды

Аршалы ауданының Жібек жолы ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Мейрам Мұсайбековтың айтуынша,  жоба жүзеге асатын болса, қарапайым халық үшін  тиімділігі мол болмақ. 

«Маған жоба ұнады. Біріншіден, жеңілдетілген несиенің пайызы төмен. Ұлттық валютаның инфляциясы бойынша бұл нөлдік пайызға тең. Сондықтан халыққа оны өтеу оңайырақ болады деп ойлаймын. Бағдарлама халықты бірлесіп жұмыс істеуге шақырады. Оның да пайдасы көп. Ең бастысы, ауылымызды көтеруге болады. Оның үстіне, жергілікті әкімдік те,  «AMANAT» партиясы да көмектесіп, қолдау көрсетіп отырады.  Бұл өте маңызды. Себебі, сала мамандарының кеңесі жеке кәсібін енді дөңгелетем деушілерге өте керек»,-дейді кәсіпкер.

Ижев ауылының тұрғыны Светлана Якоби да жобаның ауылдықтардың табысын арттыруға мүмкіндік беретініне сенім артып отыр. 

«Партия өкілдері тың жоба туралы ақпарат беріп, сұрақтарымызға жауап берді. Өзіме жоба ұнады. Қазір ауыл тұрғындарының жеке кәсіппен айналысып, табыс табуға қызығушылығы артуда. Олардың бұл бағытта идеялары да бар. Жаңа жоба оларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы, халықтың табысы артса деймін», -дейді Светлана Якоби. 

Аршалылықтар жоба аясында қызықтырған сұрақтарын қойып, бизнес идеяларымен бөлісіп, жобаны жетілдіру бойынша ұсыныстарын да жеткізді. 

«Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл әкімдері арнайы оқудан өткені белгілі. Қазір олар ауылда жүзеге асыруға болатын басым бағыттарды анықтайды. Жер телімі, инфрақұрылым және басқа да қажеттіліктер ескеріліп барып, ауылдардағы пилоттық жобаларға сай кооперативтер құрылады. Нақты ауылдың қажеттілігін өтейтін, нарыққа шығаруға болатын өнім өндіруге басымдық берілмек. 

Мобильді топ мүшелері Ерейментау ауданының Торғай, Тайбай, Еркіншілік ауылдарында жоба бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын жалғастырмақ. 

Өзгелердің жаңалығы