Ақмола облысында 46 адам қар құрсауынан құтқарылды

Құтқарушылар тұрғындарды ауа райының қолайсыздығын ескеріп, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.

 BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов 11 Наурыз 2026, 04:27
11 Наурыз 2026, 04:27
730
Фото: BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Ақмола облысы аумағында қолайсыз ауа райы сақталып, Төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) құтқарушылары қар құрсауында қалған адамдарды эвакуациялау жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қорғалжын ауданында Үшсарт ауылынан 6 шақырым жерде қар құрсауында қалған автокөліктерден 6 адам эвакуацияланып, жылыту пунктіне орналастырылды.

Аршалы ауданында құтқарушылар екі рет әрекет етті. Бірінші жағдайда мектеп автобусының қар құрсауында қалған 13 жолаушысы, оның ішінде 6 бала, үйлеріне жеткізілді. Екінші эвакуацияда Ижевское ауылының маңынан 11 адам, оның ішінде 3 бала, жылыту пунктіне орналастырылды.

Целиноград ауданында құтқарушылар екі шақыртуға шығып, қар құрсауынан 8 адам, оның ішінде 1 бала, эвакуацияланды.

Ерейментау ауданында мал іздеуге шыққан ер адам жоғалып кеткен. Іздестіру жұмыстарына бара жатқан құтқарушылар жолда қар құрсауында қалған автокөліктен 7 адамды эвакуациялады. Кейін жоғалған азамат табылып, тұрғылықты жеріне жеткізілді, эвакуацияланғандар жылыту пунктіне орналастырылды.

Жалпы, Ақмола облысында 46 адам қар құрсауынан аман-есен эвакуацияланып, қауіпсіз жерге жеткізілді. Құтқарушылар тұрғындарды ауа райының қолайсыздығын ескеріп, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.

Наверх