Ақмола облысы Целиноград ауданында газдандыру басталды

Бүгiн, 01:18
133
Бөлісу:
Ақмола облысы Целиноград ауданында газдандыру басталды
Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Мемлекеттік газдандыру бағдарламасы аясында Ақмола облысы Целиноград ауданының "Нұрлы" тұтынушылар кооперативінде табиғи газды іске қосу рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ өңір әкімдігіне сілтеме жасап.

Енді 3500-ден астам тұрғын экологиялық таза және экономикалық тиімді отынға қол жеткізді.

Салтанатты іске қосу рәсіміне Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, "QAZAQGAZ AIMAQ" АҚ Бас директоры Бауыржан Асқаров, депутаттар және аудан жұртшылығы қатысты.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірді газдандыру жұмыстары белсенді түрде жалғасатынын атап өтті.

Халықты табиғи газбен қамтамасыз ету – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және өңір экономикасын қолдауға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Бұл мәселе ел Президентінің бақылауында. "Сарыарқа" магистральдық газ құбыры құрылысының І кезеңі аясында Аршалы ауданындағы 17 елді мекеннің тұрғындарына газ берілді. Бүгін газ Целиноград ауданына да келді. 2025 жылы Целиноград ауданының тағы үш ауылына – Шұбар, Қоянды, Аққайың елді мекендеріне және Қосшы қаласына газ жеткізіледі. 835 км-ден астам газ құбыры салынып, 21 664 абонент табиғи газбен қамтылады, - деді Марат Ахметжанов.

"QazaqGaz Aimaq" АҚ Бас директоры Бауыржан Асқаров газды пайдалану кезіндегі қауіпсіздіктің маңыздылығына тоқталды.

Газ – бұл жайлылық пен жылу, бірақ оны пайдалану жауапкершілікті талап етеді. Жаңа тұтынушылар ең алдымен тұрмыста табиғи газды пайдалану ережелерін үйренуі, жабдықты уақытылы тексеріп, оның жарамдылығын қадағалауы қажет, – деді Б. Асқаров. 

Елді мекенді газдандыру аясында шамамен 68 км газ желісі тартылып, 7 шкафтық газ тарату станциясы орнатылды. Өңірді газдандыру жұмыстары жалғасып, тағы да көптеген үйлер экологиялық таза әрі ыңғайлы энергия көзімен қамтамасыз етіледі.

Өзгелердің жаңалығы