Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» Үкіметтің бюджет атқарылуы туралы есебін қолдамады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін тыңдады.
«Ақ жол» фракциясы Үкіметтің есебін қолдамады. Фракция жетекшісі Азат Перуашев оның көптеген себебі барын айтты.
Депутат кірістердегі күмәнді жетістіктер туралы айтты.
Әріптестер назарын екі алаңдатарлық жайтқа аударғым келеді, соның негізінде Үкімет есебінде айтылған бюджет кірістерінің артығымен орындалуына қол жеткізілді. Бұл салық түсімдерінің бірден 42%-ға және қарыздардың 13%-ға артуы. Салық түсімінің 42%-ға артуы деген не? Бізде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың саны соншалықты көбейіп пе еді? Жоқ. Әлде бұрынғы кәсіпорындардың пайдасы соншалықты өсті ме? Біз де сенбейміз, - деді Перуашев.
Ақжолдықтардың Үкіметпен келіспеуінің екінші себебі – бюджетті жоспарлауға жауапсыздықпен қарауы.
2022 жылға арналған республикалық бюджет бекітілгеннен кейін бюджетке 8 түзету енгізілген. Сонымен қатар 162 млрд теңге сомасындағы 2 түзету бөлінбей қалды. Өз есеп-қисабына мұндай немқұрайлылық таныту толық сәтсіздік деп санаймыз. Жеке компанияда мұндай «жоспарлау» үшін жалдамалы менеджмент жұмыстан шығып кетер еді, - деп айтты Азат Перуашев.
Сонымен бірге мұнайлық емес бюджет тапшылығының артуы – тағы бір себеп.
Перуашев Ұлттық қорды талан-таражға салу туралы да сөз етті.
Айтуынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қорды басқарудан 1 трлн 400 млрд теңге көлеміндегі рекордтық шығын тіркелді.
Бесінші себеп – квазимемлекеттік сектордың паразиттік рөлі.
Бұл сектор жиырма жыл бұрын мемлекеттік кірістерді тиімді басқару мен арттыру үшін құрылған. Осы жылдар ішінде ұлттық компаниялардың аяққа тұрып, пайда табатын кезі жетті, - деп айтты Перуашев.
Перуашев квазимемлекеттік сектор экономиканың 60%-ға дейінін құрайтынын еске салды.
Сондықтан оның кірісі болмаса, парламент мемлекет есебінен қалыптасатын нақты қаржылық ағындардың бір бөлігін ғана көреді. Үкімет пен ұлттық компаниялар қалған сомаларды өз қалауы бойынша, парламент қабырғасынан тыс басқарады. Ал сонда «ықпалды парламент» пен «есеп беретін үкімет» қайда? – дейді депутат.
Перуашев «Ақ жол» демпартиясы Үкіметтің бюджеттің атқарылуы туралы есебін қолдамайтынын жеткізді.